1 шілдеден бастап ваучер беріледі: Көпбалалы отбасыларға қандай жеңілдік қарастырылған?
Кезекті ваучерлерді беру 2026 жылдың 1 шілдесінен басталады.
1 шілдеден бастап Қазақстанның 20 қаласы мен 23 ауданында мектепке дейінгі білім беруді ваучерлік қаржыландыру жобасының кезекті кезеңі басталады. Осы күннен бастап ата-аналарға ваучер беру қолға алынады. Осыған байланысты «ваучер балабақшаны толықтай тегін ете ме?», «көпбалалы отбасылар қандай жеңілдік алады?» деген сұрақтар жиілеп отыр. BAQ.KZ тілшісінің сауалына Оқу-ағарту министрлігі жауап берді.
Министрліктің мәліметінше, ваучерлік қаржыландыру Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2024 жылғы 30 желтоқсандағы №372 бұйрығымен бекітілген алгоритм негізінде жүзеге асырылады.
Кезекті ваучерлерді беру 2026 жылдың 1 шілдесінен басталады. Алайда барлық кезекте тұрған бала бір мезетте ваучер ала алмайды.
Өйткені ваучер саны үш негізгі факторға байланысты анықталады:
- жергілікті бюджетте қарастырылған қаржы көлемі;
- өңірдегі нақты қажеттілік;
- балабақшалардағы бос орын саны.
Сондықтан әр өңірдегі жағдай әртүрлі болады. Бұған қоса, кезек күн сайын өзгеріп отырады. Себебі жаңа өтініштер қабылданады, бос орындар ашылады және жеңілдік санаттарының мәртебесі жаңартылып тұрады.
Көпбалалы отбасыларға қандай басымдық беріледі?
Министрлік көпбалалы отбасылардың балалары ваучер алуда басым құқыққа ие екенін мәлімдеді.
Бұл санат мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдауда басымдық берілетін 21 жеңілдік санатының қатарына енгізілген.
Алайда бұл жеңілдік балабақша толықтай тегін болады дегенді білдірмейді.
Балабақша тегін бола ма?
Министрлік бұл мәселеге нақты жауап берді.
Ваучер мемлекет тарапынан мектепке дейінгі білім беру қызметін қаржыландыруға арналған. Яғни мемлекеттік білім беру тапсырысы аясындағы білім беру қызметтері балалар үшін тегін көрсетіледі.
Ал ата-аналардың ай сайын төлейтін төлеміне:
- баланың тамақтануы;
- ата-ананың қалауы бойынша қосымша білім беру қызметтері;
- сауықтыру қызметтері кіреді.
Сондықтан ваучер болғанымен, ата-аналар тамақтану мен қосымша қызметтердің ақысын төлеуді жалғастырады.
Тамақтану ақысы кімдерге тегін?
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылардың балалары балабақшада тегін тамақпен қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар, АӘК алмайтын, бірақ жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен көпбалалы отбасылардың балалары да жергілікті әкімдіктің шешімімен тегін тамақтана алады.
Ал бұл санаттарға кірмейтін көпбалалы отбасылардың балалары үшін тамақтану шығындарын ата-аналардың өздері төлейді.
Неліктен балабақшалардағы төлем әртүрлі болуы мүмкін?
Министрлік мұның да себебін түсіндірді.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы мемлекеттік те, жекеменшік те балабақшаларға орналастырылады. Алайда жекеменшік балабақшалар қосымша үйірмелердің, ағылшын тілі, робототехника, логопед сияқты қызметтердің бағасын өздері белгілейді. Сондықтан ата-аналардың төлейтін жалпы сомасы әр балабақшада әртүрлі болуы мүмкін, - делінген жауапта.
Ата-ана балабақшаны өзі таңдайды
Жаңа жүйедегі маңызды өзгерістің бірі – ата-ананың таңдау құқығы.
Ваучер алған ата-ана бос орын болған жағдайда өзі қалаған мектепке дейінгі ұйымға баласын орналастыра алады.
Егер кейін тұрғылықты жері немесе жұмыс орны өзгерсе, баланы күту парағына қойып, басқа балабақшаға ауыстыру мүмкіндігі де қарастырылған.
Қатысу электронды түрде бақыланады
Ваучерлік қаржыландырудың тағы бір ерекшелігі – цифрландыру.
Ата-аналар ақпараттық жүйе арқылы:
- баласының балабақшаға барған күндерін;
- себепсіз қалдырған уақытын;
- келу табелін бақылай алады.
Келу табелі электрондық цифрлық қолтаңба арқылы расталады. Бұл жүйе ата-аналардың тек баланың нақты қатысқан күндері үшін ғана төлем жасауына мүмкіндік береді.
Ваучерлік қаржыландыру жүйесі балабақша таңдау еркіндігін кеңейтеді. Алайда көпшілік күткендей барлық ата-ана үшін балабақшаны толықтай тегін етпейді. Көпбалалы отбасыларға басымдық берілгенімен, тегін тамақтану жеңілдігі тек әлеуметтік осал немесе табысы төмен отбасыларға қатысты қолданылады.