1 шілдеден бастап некені тіркеу құны қанша болатыны анықталды

1 шілдеден бастап некені тіркеу 3874 теңге, ал өзара келісім бойынша некені бұзу 7728 теңге болады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұрынғыдай некені тіркеу өтініштерді қабылдау, өңдеу, сондай-ақ шешімдер қабылдау және нәтижелерді беруді АХАТ органдары атқарады.

Бұл туралы Алматы қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының өкілдері Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында атап өтті. 

Естеріңізге сала кетейік, 1 шілдеден бастап АХАТ функциялары Мемлекеттік корпорацияға берілетін болады. Бұл ретте некені тіркеу үшін өтініш беру рәсімі өзгеріссіз қалады. Олар аудандық және қалалық АХАТ бөлімдері орындайды. Бұдан басқа, электрондық үкімет порталы арқылы онлайн өтініш беру мүмкіндігі сақталады, - деді Алматы қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалы директорының орынбасары Әсем Болатбекова.

Спикердің сөзінше, АХАТ функциясын ХҚО-ларға берудің басты себебі - цифрландыруға көші процесін жүзеге асыру. 

«АХАЖ функцияларының Мемлекеттік корпорацияға берілуінің басты себептерінің бірі – АХАТ электрондық базасында жүргізілген цифрландырудың сапасыздығы. Атап айтқанда, сапасыз сканерленген құжаттар, қате деректер енгізу, өзгерістер тіркелмеген. Айта кету керек, құжаттар 1937 жылдан бастап сканерленіп, базаға енгізіліп келеді», - деді Әсем Болатбекова.

Цифрландырумен ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Мемлекеттік корпорация қызметкерлері айналысатын болады. Бұл адамдарды артық құжаттармен әурелемей, мекемеден мекемеге жүгіртпей-ақ мемлекеттік органдар ақпарат ала алатын, таза, өзекті деректер банкін құруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, некеге тұрғысы келетіндер тіркеуші органға жеке басын куәландыратын құжаттармен бірге келуі керек. Бұл некені тіркеудің белгіленген күнінде жасалуы қажет. Өтініш берген кезде клиент неке қиюды салтанатты түрде немесе мүлдем жасамауды таңдай алады.

Сонымен қатар, АХАТ қызметтерін тек қана тіркеуші органның қызметкерлері көрсетеді. ХҚКО операторларын қоса алғанда, Мемлекеттік корпорацияның басқа қызметкерлері АХАТ ақпараттық жүйесіне қол жеткізе алмайды. Жеке өмір, жеке отбасылық өмірі мен отбасылық құпиясы заңның қорғауында болады. 
«Айтпақшы, қызмет көрсету стандарттары, оларды қарау тәртібі мен мерзімдері өзгеріссіз қалады. Бұдан басқа, мемлекеттік корпорацияда АХАТ қызметкерлеріне жүктемені азайтуға мүмкіндік беретін қосымша штаттық бірліктер қарастырылған, – дейді Алматы қаласы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалы директорының орынбасары.

Тарифтерге келетін болсақ, АХАТ-та тегін әрі ақылай қызметтер бар. Мысалы, 1 шілдеден бастап некені тіркеу 3874 теңге, ал өзара келісім бойынша некені бұзу 7728 теңге болады. Тууды, өлімді тіркеу сияқты әлеуметтік маңызды қызметтер тегін қалады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Алматы Өңірлік коммуникациялар қызметі
Өзгелердің жаңалығы