«Алтын Тобылғы» әдеби байқауына өтінімдер қабылдануда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының Қоры дәстүрлі «Алтын Тобылғы» әдеби байқауына өтінімдер қабылдауды бастады. Сыйақының жалпы қоры – 5,5 млн теңге, деп хабарлады Елорда Инфо.

Осымен бесінші рет өткізілгелі тұрған байқау Жастар жылына арналады. Шығармалар «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драматургия», «Үздік балаларға арналған шығарма» номинациялары бойынша қабылданады. Әр жеңімпазға 1 млн теңге көлемінде сыйақы тағайындалады.

Жастар жылына арналған арнайы номинация «Ұлы даланың жасампаз ұрпағы» тақырыбында жазылған «Ең үздік шығарма» деп аталады. Сыйақы көлемі 1,5 млн теңгені құрайды.

Байқауға еліміздің 18-35 жас аралығындағы жас дарындар қатыса алады және бұдан бұрын еш жерде жарияланбаған туындылар мына сілтеме бойынша қабылданады.

Шығармаларды еліміздің танымал мәдениет қайраткерлері, ақын-жазушылар мен журналистерден құралған Қазылар алқасы сараптайды.

"Байқауға ұсынылған жұмыстар жанрға сәйкестік, ойлау дербестігі, авторлық ұстаным, баяндау реттілігі мен мағыналылығы, идея ерекшелігі, әдеби-көркем құндылығы, көркемдік қиял мен шығармашылық көзқарас, эстетикалық әсер тереңдігі сияқты өлшемдер бойынша бағаланады. Байқауға ұсынылған туындыларды бағалау әділдігі барынша жетілдірілген. Шығарма лақап атпен қабылданып, сараптау кезінде қазылар алқасы шығарма авторларының есімдерін алдын ала білмейді", - дейді байқауды ұйымдастырушылар.

Өтінімдер 2019 жылғы 1 шілде мен 1 қараша аралығында қабылданады. Жеңімпаздар есімі (сыйлық лауреаттары) желтоқсан айының алғашқы онкүндігінде жарияланады. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы