1 шілдеден бастап әлеуметтік жәрдемақы өседі

7 және одан да көп бала туған аналарға төленетін әлеуметтік жәрдемақы мөлшері 7,4 АЕК-ке дейін өседі, деп хабарлайды BAQ.KZ.

1 шілдеден бастап республикалық бюджеттен «Алтын алқа» алған, «Батыр ана» атағы бар, яғни 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған аналарға төленетін әлеуметтік жәрдемақы мөлшері 7,4 АЕК-ке дейін (2023 жылы – 25 530 теңге) өседі. Тиісті норма Әлеуметтік кодексінде көзделген.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірлеген және Мемлекет басшысы қол қойған Әлеуметтік кодексі 9 заңды шоғырландырды және әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін дамытудың құқықтық негіздерін нығайтуға әрі азаматтарды әлеуметтік қолдау шараларының атаулылығын күшейтуге бағытталған.

Әлеуметтік кодексін іске асыру әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін кезең-кезеңімен халықаралық стандарттар деңгейіне келтіруге, халықтың, мемлекеттің және жұмыс берушілердің әлеуметтік тәуекелдердің салдары үшін ортақ жауапкершілігінің рөлін күшейтуге, азаматтардың проактивті формат арқылы мемлекеттік қолдау шараларына тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларының ашықтығы мен атаулылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Құжаттың новеллаларының бірі – «Наградталған ана» деген жаңа ұғымды енгізу болатын. Бұл мәртебе «Күміс алқа», «Алтын алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған әйелдерге берілетін болады, - делінген хабарламада.

Бүгінгі таңда 6, 7 және одан да көп баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелеген аналар бірдей мөлшерде жәрдемақы алады. Әлеуметтік кодексінде наградталған аналарға төленетін жәрдемақы мөлшерін саралау көзделеді.

Мәселен, «Алтын алқамен», I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған, «Батыр ана» атағы бар, яғни 7 және одан да көп бала туып, тәрбиелеген аналарға арналған жәрдемақы мөлшері 2023 жылғы 1 шілдеден бастап 7,4 АЕК-ке дейін (2023 жылы – 25 530 теңге) өседі. Бұл өзгеріс 90 мыңға жуық марапатталған аналарды қамтитын болады, - делінген хабарламада.

Жәрдемақы алушыларға 2023 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша оның мөлшерін арттыру мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде бар мәліметтер негізінде автоматты түрде жүзеге асырылатынын атап өту қажет.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы