1 сәуірден бастап Павлодар облысында қосымша қауіпсіздік шаралары енгізіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Павлодар облысында 1 сәуірден бастап қосымша қауіпсіздік шаралары іске қосылады, деп хабарлайды coronavirus2020.kz.

30 наурыз күні төтенше жағдай жөніндегі облыстық штабтың кезекті отырысында Павлодар облысының аумағында коронавирус инфекциясын таратпау мақсатында эпидемияға қарсы қолданыстағы санитарлық, сақтық шараларын күшейту және қосымша шараларды қолға алу туралы шешім қабылданды.

Өңірдің бас санитарлық дәрігері орынбасарының бұйрығына сәйкес 2020 жылғы 1 сәуір, сағат 00:00-ден бастап Павлодар облысында төмендегідей қауіпсіздік шаралары енгізіледі: ⠀

1) облыс аумағы бойынша 9 блокпост қойылады;

2) кез келген көлік құралымен шекаралас облыстарға/шекаралас облыстардан жолаушыларды тасымалдауға тыйым салынады;

3) облыс ішіндегі елді мекендер арасында кез келген көлік түрімен жолаушыларды тасымалдауға тыйым салынады;

4) дипломатиялық қызметтерді, емделуге баратын адамдарды, азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлар тиелген транзиттік жүк көліктерді (эпидемияға қарсы дезинфекциялауды және сақтық шараларын қатаң қадағалай отырып) қоспағанда, Қазақстан Республикасының басқа өңірлерінің тұрғындары мен басқа мемлекеттердің азаматтарының кіруіне тыйым салынады;

5) 22.00-ден кейін тұрғындардың пәтерден, үйден шығуы шектеледі. Тек қана тұрып жатқан жеріне жақын дәріханалар мен азық-түлік дүкендеріне, жұмысқа және медициналық көмекке баруға ғана рұқсат беріледі;

6) тұрғындардың қоғамдық орындарға, оның ішінде жағалауларға, саябақтарға, алаңдарға, ойын және спорт алаңдарына, сондай-ақ тағы да басқа жерлерге баруы шектеледі;

7) эпидемияға қарсы режимге байланысты қоғамдық көліктерде, адамдар көп жиналатын орындарда, дүкендерде, сауда орталықтары мен үйлерде, тұрғын үйлерде, аялдамаларда және тағы да басқа жерлерде дезинфекциялау жұмыстары күшейтіледі.

Аталған шаралар облыс тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Төтенше жағдай жөніндегі облыстық штаб тұрғындардан эпидемияға қарсы енгізілген талаптарды түсіністікпен қабылдауды және оларды қатаң сақтауды талап етеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы