1 қыркүйектен бастап жаңа цифрлық әскери оқу платформасы қосылады

Бұл туралы Орталық коммуникациялар алаңынанда өткен брифинг барысында Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бұл платформа әскери мамандарды даярлайтын әскери жоғары оқу орындары мен әскери колледждерді бірыңғай цифрлық кеңістікке біріктіруге, оқу үдерісін автоматтандыруға мүмкіндік береді. Яғни электронды журналдар, сабақ кестелері, глоссарийлер, талдау және есеп беру құралдары қосылған.  

Сонымен қатар, платформада сыртқы ұйымдарға да көру режимінде қолжетімді ведомствоаралық электрондық кітапхана бар.

Оқу 20 бағыт бойынша жүргізіледі. 1000-нан астам әскери қызметші тіркеліп, олардың 300-ден астамы оқуын аяқтап, белгіленген үлгідегі сертификаттар алды.Платформаны енгізу шалғай өңірлердегі (гарнизондардағы) әскери қызметшілердің курсқа қатысуы үшін іссапар шығындарын жол ақысы, тамақтану шығындары сияқты  қысқартуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, басты артықшылықтарының бірі уақыттың тиімділігі. Оқу қызметтен қол үзбей, ыңғайлы уақытта жүргізіледі, - деді ол. 

Қазіргі уақытта платформа практикалық қызметте сәтті апробациядан өтіп, енгізудің соңғы кезеңінде тұр. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің тиісті бұйрығына сәйкес өнеркәсіптік пайдалануға беріледі. 

«Askeri Ziyat» платформасын Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпараттық жүйелерімен, сондай-ақ басқа да мемлекеттік ақпараттық жүйелермен біріктіру жұмыстары жоспарланып жатыр. Бұл әскери білім беру жүйесінде білім беру үдерісі мен кадрларды даярлаудың цифрлық есебін қамтамасыз етеді, - деді Дархан Ахмадиев.

Еске салсақ, әскери оқу орындарына түсу жеңілдегенін жаздық. Енді әскери жоғары оқу орындарына түскісі келетін талапкерлер e-Gov порталы арқылы онлайн өтінім бере алады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы