1 қыркүйектен бастап оқушы қалай бағаланады? Мұғалім мен ата-ана нені ескеруі керек
Жаңа оқу жылынан бастап бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесіне өзгеріс енгізіледі. Формативтік бағалаудың үлесі 50%-ға дейін артады, аралық бағалау енгізіліп, тоқсандық жиынтық бағалау алынып тасталады. Бірінші сыныпта баға қою тәртібі өзгермейді.
2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап 2-4 сынып оқушылары жаңа тәсілмен бағаланады. Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарованың айтуынша, өзгерістің негізгі мақсаты – оқушының тек білімін емес, оны қалай қолданатынын және қандай дағдыларды меңгергенін бағалау, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл ретте бастауыш сыныптарда критериалды бағалау жүйесі сақталады. Ал бірінші сынып оқушыларына баға қою тәртібі өзгермейді: олар бұрынғыдай бағаланбайды.
Жаңа жүйеде оқушының тоқсандық бағасы оның күнделікті оқу жетістігі мен бөлімдер бойынша қорытынды нәтижесіне сүйене отырып шығарылады.
Формативтік бағалаудың үлесі 50%-ға дейін артады
Бұған дейін бастауыш сыныптарда бағалау формативтік және жиынтық бағалаудан тұрды. Жиынтық бағалауға бөлім бойынша жиынтық бағалау – БЖБ және тоқсандық жиынтық бағалау – ТЖБ кірді.
Жаңа оқу жылынан бастап жүйе формативтік және аралық бағалауды қамтиды.
Формативтік бағалау сақталады, бірақ оның тоқсандық бағадағы үлесі 25%-дан 50%-ға дейін артады. Осы арқылы оқушының тоқсан бойындағы күнделікті еңбегіне көбірек мән беріледі.
Формативтік бағалау 1-ден 10 балға дейінгі шкала бойынша жүргізіледі. Бұл ретте 10 балл бір ғана тапсырманың немесе сабақтың бір кезеңінің нәтижесіне қарай қойылмайды.
Баға оқушының сабақтың әртүрлі кезеңдерінде орындаған тапсырмаларының жиынтық нәтижесі негізінде анықталады.
Педагог тоқсан ішінде әр пән бойынша әр оқушыны өткізілген сабақтардың кемінде 30%-ында бағалауы тиіс.
Мысалы, тоқсан барысында белгілі бір пәннен 30 сабақ өткізілсе, әр оқушы кемінде 9 сабақта формативтік балл алуы керек. Бұл – ең төменгі көрсеткіш. Мұғалім оқушыны одан да жиі бағалай алады.
Мұндай тәсіл оқушының оқу барысындағы ілгерілеуін жүйелі бақылауға және оның күнделікті еңбегін ескеруге мүмкіндік береді.
Аралық бағалау енгізіледі
Жаңа жүйедегі негізгі өзгерістердің бірі – аралық бағалаудың енгізілуі.
Аралық бағалау әр бөлім аяқталғаннан кейін өткізіледі және сол бөлім бойынша қорытынды жұмыс болып саналады. Сондықтан оның саны оқу бағдарламасындағы бөлімдердің санына байланысты болады.
Мысалы, бір тоқсанда үш бөлім аяқталса, оқушы үш аралық бағалау жұмысын орындайды.
Аралық бағалаудың ең жоғары балы сыныпқа қарай белгіленеді:
- 2-сыныпта – 12 балға дейін;
- 3-сыныпта – 14 балға дейін;
- 4-сыныпта – 16 балға дейін.
Нақты ең жоғары балл тапсырмалардың санына, мазмұнына және күрделілік деңгейіне қарай анықталады.
Аралық бағалау тапсырмаларын педагог оқу мақсаттарына сәйкес өзі әзірлейді. Бұл ретте Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының әдістемелік ұсынымдары басшылыққа алынады.
Тоқсандық жиынтық бағалау болмайды
Жаңа жүйеде ТЖБ өткізілмейді.
Бұған дейін, мысалы, математика пәнінен бір тоқсанда үш БЖБ және бір ТЖБ өткізілсе, оқушы барлығы төрт бағалау жұмысын орындайтын.
Енді әр бөлім аяқталғаннан кейін аралық бағалау жүргізіледі, ал тоқсан соңында бөлек ТЖБ өткізілмейді.
Нәтижесінде оқушының тоқсан ішіндегі бағалау жүктемесі азаяды. Сонымен бірге педагогтер ТЖБ тапсырмаларын әзірлеу және тексеру міндетінен босатылады.
Бағалау тапсырмалары да өзгереді
Жаңа бағалау тәсілінде оқушының білімін жай ғана тексеруге емес, оны іс жүзінде қолдана білуіне және қажетті дағдыларын дамытуға басымдық беріледі.
Тілдік пәндерде оқушының:
- тыңдалым;
- айтылым;
- оқылым;
- жазылым
дағдылары бағаланады.
Тыңдалым мен айтылым аралық бағалау жоспарланған аптада сабақ барысында бағаланады.
«Қазақ тілі» және «Орыс тілі» пәндеріндегі аралық бағалау диктантты және оқу сауаттылығын бағалауға бағытталған тапсырмаларды қамтиды.
Ал «Әдебиеттік оқу» пәнінде негізгі жұмыс түрлері шығарма мен мазмұндама болады. Оларға оқу сауаттылығын бағалауға арналған тапсырмалар енгізіледі.
«Математика» пәні бойынша аралық бағалау математикалық сауаттылыққа бағытталған тапсырмаларды қамтитын бақылау жұмысы түрінде жүргізіледі.
Сонымен қатар тілдік пәндер мен математика бойынша жазбаша жұмыстар дайын шаблондарда немесе алдын ала әзірленген жауап парақтарында орындалмайды. Оқушылар барлық жазбаша жұмысты өз дәптерлерінде орындайды.
Бұл тәсіл оқушының өз бетінше жазуына, тапсырманы дайын үлгіге сүйенбей орындауына мүмкіндік береді. Дәптермен жұмыс жасау каллиграфияны жетілдіруге, зейінді шоғырландыруға және есте сақтау дағдыларын дамытуға ықпал етеді.
Жаратылыстану мен дүниетануда практикалық дағдыларға мән беріледі
«Жаратылыстану» және «Дүниетану» пәндерінде тек пәндік білім ғана емес, жаратылыстану-ғылыми сауаттылық, зерттеушілік және практикалық дағдылар да бағаланады.
Ол үшін ауызша және жазбаша тапсырмалармен қатар практикалық, зертханалық, жобалық және зерттеу жұмыстары қолданылады.
Барлық пән бойынша оқу нәтижесі бағаланады
Бұған дейін жеке бағаланбаған кейбір пәндер бойынша да жаңа тәртіп енгізіледі.
Атап айтқанда, «Цифрлық сауаттылық және жасанды интеллект», «Еңбекке баулу», «Бейнелеу өнері», «Музыка» және «Дене шынықтыру» пәндерінде күнделікті формативтік бағалау жүргізіледі.
Сонымен бірге бұл пәндер бойынша тоқсанына бір рет аралық бағалау өткізіледі.
Бағалау пәннің ерекшелігіне қарай практикалық, шығармашылық, жобалық, зерттеу, спорттық, жеке және командалық жұмыстар арқылы жүргізіледі.
Тоқсандық баға қалай шығарылады?
Жаңа жүйеде тоқсандық баға екі көрсеткіштің негізінде автоматты түрде қалыптасады:
- 50% – формативтік бағалау нәтижесі;
- 50% – аралық бағалау нәтижесі.
Яғни оқушының тоқсандық бағасы бір ғана қорытынды жұмысқа тәуелді болмайды. Оның тоқсан бойындағы күнделікті оқу жетістігі де, әр бөлім бойынша көрсеткен нәтижесі де тең дәрежеде ескеріледі.
Бастауыш сыныптарда модерация болмайды
Тағы бір өзгеріс – модерацияның тоқтатылуы.
Бұған дейін педагогтер бағалау нәтижелерін бірлесіп қарап, балл қою талаптарының біркелкі сақталуын қамтамасыз ету үшін модерация жүргізетін.
2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап бастауыш сыныптарда модерация өткізілмейді.
Бұл мұғалімдердің бағалау рәсімдеріне байланысты жүктемесін азайтып, олардың сабаққа және оқушылармен тікелей жұмыс істеуге көбірек уақыт бөлуіне мүмкіндік береді.
Бұған дейін бастауыш сынып оқушыларын бағалау тәсілі өзгеретіні туралы жаздық. Өзгеріс жаңа оқу жылынан бастап күшіне енеді.
Тағы оқи отырыңыз: Мектепте бағалау жүйесі өзгереді: Оқушылардың білімі енді қалай бағаланады?