1 қыркүйектен бастап Астана әуежайындағы рейстер кестесі өзгереді
2025 жылғы 1 қыркүйектен 31 қазанға дейін Астана халықаралық әуежайында ұшу-қону жолағына ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осыған байланысты рейстер кестесінде елеулі өзгерістер орын алады. Бұл туралы BAQ.KZ әуежайдың баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Жөндеу жұмыстары кезеңінде, нақтырақ айтқанда 1 қыркүйектен 4 қыркүйекке дейін және 8 қыркүйектен 31 қазанға дейін, күн сайын сағат 10:00-ден 18:00-ге дейін ұшу-қону жолағы толығымен жабылады. Осы уақыт аралығында ұшақтар қабылдау және жөнелту тоқтатылады. Бұл бірқатар рейстердің уақытын өзгертуге, кідірістерге және кейбір бағыттардың уақытша тоқтатылуына әкелуі мүмкін.
5-7 қыркүйек күндері ұшу-қону жолағы қалыпты режимде жұмыс істейді, сондықтан аталған мерзімдегі рейстер кестеге сәйкес орындалады.
Әуежай әкімшілігі жолаушылардан алдағы сапарларын алдын ала жоспарлауды және әуе тасымалдаушылардың жаңартылған кестесімен міндетті түрде танысуды сұрайды. Жөндеу жұмыстары ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету және инфрақұрылымды жаңарту мақсатында жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Сонымен қатар, Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістер Қазақстан әуе қатынасына да әсер етуде. Атап айтқанда, Wizz Air Abu Dhabi әуекомпаниясы Астана – Әбу-Даби бағыты бойынша тұрақты рейстерді тоқтату туралы шешім қабылдады.
Компания бұған дейін билет брондаған жолаушыларға баламалы бағыт ретінде Алматы арқылы ұшуды немесе билет құнын толық қайтаруды ұсынды. Қайтару рәсімі үшін жолаушыларға авиакомпанияның ресми қолдау қызметіне жүгіну ұсынылады.
Астана әуежайы мен әуе компаниялар жолаушылардан ресми ақпарат көздерін мұқият қадағалауды, сапарға шығар алдында барлық мәліметтерді нақтылап алуды сұрайды.