1 қыркүйекте Қазақстанның үш қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдай күтіледі
Ауадағы ластану деңгейіне желдің бағыты мен жылдамдығы, жауын-шашын, ауа температурасы және ылғалдылық сияқты факторлар әсер етеді.
«Қазгидромет» РМК синоптиктері 1 қыркүйекте Қазақстанның үш қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдай қалыптасады. Мамандар тұрғындарға ауа райының ерекшеліктерін ескеріп, күнделікті жоспарларын соған қарай құруға кеңес береді.
Синоптиктердің болжамынша, бүгін Орал, Атырау және Ақтөбе қалаларында қолайсыз метеорологиялық жағдай күтіледі.
Қолайсыз метеорологиялық жағдай дегеніміз – желдің болмауы немесе әлсіз болуы, тұман, температуралық инверсия секілді қысқа мерзімді табиғи факторлардың үйлесуі. Мұндай кезде атмосфераның жерге жақын қабатында зиянды және ластаушы заттар жиналуы мүмкін.
Мамандардың айтуынша, қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде елді мекендердегі атмосфералық ауаның сапасы төмендеуі ықтимал. Бұл адам денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.
Ауадағы ластану деңгейіне желдің бағыты мен жылдамдығы, жауын-шашын, ауа температурасы және ылғалдылық сияқты факторлар әсер етеді.
«Қазгидромет» мамандары қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде тұрғындарға бірқатар сақтық шараларын ұстануға кеңес береді.
Атап айтқанда, таза ауада ұзақ уақыт жүруді шектеген жөн. Әсіресе көлік жолдары мен басқа да ластану көздеріне жақын аумақта ұзақ болмаған дұрыс. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тарту ұсынылады.
Созылмалы өкпе, жүрек-қан тамырлары немесе аллергиялық аурулары бар азаматтарға сыртқа шыққан кезде қажетті дәрі-дәрмектерін өзімен бірге алып жүру қажет.
Сондай-ақ ашық ауадағы дене жаттығулары мен спорттық белсенділікті уақытша шектеп, мүмкіндігінше жаттығуларды жабық спорт кешендерінде өткізген дұрыс.