1 қарашадан бастап Қазақстанда не өзгереді

Елімізде 1 қарашадан бастап не өзгереді? BAQ.KZ тілшісі шолу жасап көрді.

Аудан мен қала әкімдерінің сайлауы өтеді

Биыл алғаш рет аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау пилоттық режимде өткізіледі. Заңнамаға сәйкес пилоттық өңірлердің тізімін және аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлауды өткізу күнін белгілеу жөніндегі өкілеттіктер мәслихаттарға бекітілген. Сонымен 17 облыстың мәслихаттары пилоттық режимде сайлау өткізу үшін 45 аудан мен облыстық маңызы бар қалалардың тізімін бекітті. Оның ішінде 3 қала және 42 аудан бар. Сондай-ақ сайлау өткізу күнінде белгілеп шықты. Мәслихаттар қабылдаған шешімдер негізінде аудандар мен облыстық маңызы барқалалар әкімдерін сайлау қараша айының бірінші жексенбісінде, яғни 5 қарашада өтеді.

Қазгидромет болжамы

Болжам бойынша қараша айында жылы және аязды күндер жиі ауысып, ай бойы жауын-шашын (жаңбыр, қар), екпінді жел болады. Солтүстік облыстарда кей күндері қар жауып, Қазақстан аумағында көктайғақ болып, тұман түсуі мүмкін.

Республиканың солтүстік жартысында, шығысында және орталығында айдың екінші жартысында қысқы аязды ауа райы күтіледі. Суық ауа массаларының енуімен ең суық күндердегі термометрлер төмендейді:

- Қазақстанның солтүстігінде түнде минус 20-27, күндіз минус 8-13 градусқа дейін;

- Республиканың оңтүстік жартысы мен оңтүстік-батысында түнде минус 3-12, күндіз -1...+5 градусқа дейін.

Иран мен Жерорта теңізі аймақтарынан жылы ауа массалары келгенде ауа жылынады:

республиканың оңтүстік жартысында күндіз плюс 8-17 градусқа дейін;

солтүстік жартысында плюс 3-10 градусқа дейін.

Қазақстан-Қытай визасыз режимге көшеді

Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим 10 қарашадан бастап күшіне енеді.

Осы Келісімнің 1-бабына сәйкес екі елдің азаматтары жеке істерді, туризмді, ем қабылдауды, халықаралық тасымалдарды, транзиттік, сондай-ақ іскерлік мақсаттарды жүзеге асыру үшін визалық талаптардан босатылады.

Азаматтардың екі мемлекет аумағында болу мерзімі күнтізбелік 30 күннен аспайтын мерзімдегі кезеңге, ал күнтізбелік 180 күн ішінде жиынтығында күнтізбелік 90 күннен аспауы қажет.

Азаматтарда 30 күннен артық болу қажеттілігі болған жағдайда, тиісті санаттағы кіру визасын алдын ала рәсімдеу қажет. Визасыз режим жұмысқа орналасуға, оқуға және миссионерлік қызмет жасауға құқық бермейді.

Қазақстан-Ресей шекарасында электронды кезек енгізіледі

2023 жылғы 1 қарашадан бастап Қазақстан-Ресей шекарасында «Бидайық» автомобиль өткізу пунктінде (Солтүстік Қазақстан облысы) электронды кезек жүйесін енгізу бойынша пилоттық жобаны іске қосу жоспарланып отыр.

Қазіргі уақытта электронды кезекті брондау жүйесі Қазақстанның Қытаймен, Өзбекстанмен, Түркіменстанмен шекарасында іске асырылғанын және оң нәтижелерді көрсетіп отырғанын атап өту қажет.

Электрондық кезек жүйесін мемлекеттің жүз пайыз қатысуымен Қаржы министрлігінің «Ақпараттық-есепке алу орталығы» АҚ «CarGoRuqsat» онлайн брондау сервисінің отандық әзірлеушілер мен мамандар құрды және қызмет көрсетеді.

Оқушылардың күзгі каникулы

Қазақстандық оқушылар күзгі каникулда 7 күн демалады. Яғни демалыс 30 қазаннан бастап 5 қарашаға дейін дейін созылады.

Жастарға жалға үй беріледі

Астана қаласының Тұрғын үй орталығы «Жұмыс істейтін жастарға сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы бойынша құжаттар қабылдайды.

Құжаттарды қабылдау 6 қарашада сағат 9:00-ден 12 қараша сағат 23:59-ға дейін жалғасады.

Барлығы 770 пәтер бөлу жоспарланып отыр. Баспана ұзарту құқығынсыз 3 жылға беріледі. Ай сайынғы жалдау ақысы 5 000 – 15 000 теңге.

Құжаттарды қабылдау тек QATYSU.ZHILFOND.KZ порталы арқылы электронды түрде жүргізіледі.

Үй жануарларын тегін чиптеуге болады

Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы қала тұрғындарын 1 қарашадан бастап 20 желтоқсанды қоса алғанда үй жануарларын тегін чиптеу және тіркеу бағдарламасының басталатынын хабарлады.

Бағдарлама шеңберінде 15 мың үй жануарын (иттер мен мысықтарды) чиптеу және тіркеу көзделген.

Қазақстан – Сан-Марино ойыны

2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі Қазақстан – Сан-Марино матчы өтеді.

Ойын 17 қараша күні сағат 21:00-де басталады. Матч «Астана Арена» стадионында өтеді. Қазіргі күні билеттер сатылымға шықты.

Астанаға Эмманюэль Макрон, Виктор Орбан және Ердоған келеді

Биылғы 1 қарашада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Франция Президенті Эмманюэль Макрон Қазақстанға ресми сапармен келеді.

Сапар аясында екі ел басшылары сауда-экономикалық, инвестициялық және энергетикалық ынтымақтастықты нығайту мәселелері жөнінде келіссөз жүргізеді. Сондай-ақ халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелерді талқылайды.

2 қарашада Астана қаласына Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбан ресми сапар жасайды

Сапар барысында тараптар Қазақстан мен Мажарстанның сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастығын одан әрі кеңейтуге қатысты келісөз жүргізеді деп жоспарланып отыр.

3 қарашада елордада Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) мерейтойлық Х саммиті өтеді

Жиынға Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер – Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан президенттері, сондай-ақ ТМҰ-ға бақылаушы мемлекеттер – Мажарстан мен Түрікменстан басшылары қатысады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы