1 қаңтардан бастап не өзгереді?

Елімізде 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап не өзгереді? Шолу жасап көрейік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

70 мың теңгеден 85 мың теңгеге дейін

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында Қазақстанда ең төмен жалақы мөлшері 70 000 теңгеден 85 000 теңгеге дейін ұлғайтылады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс берушілер жұмыскерлерге еңбекақыны ЕТЖ-дан төмен болмайтын деңгейде қамтамасыз етуге міндетті.

Нәтижесінде 85 мың теңгеге дейін жалақы алатын түрлі меншік нысанындағы кәсіпорындардың барлық саласында жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалдамалы жұмыскердің, оның ішінде бюджет саласындағы 350 мың қызметкердің ақшалай кірістері өседі.

Бірінші кезекте ЕТЖ арттыру «жалақысы төмен» қызметкерлерге қатысты болады. Екіншіден, жалақы деңгейін белгілеу кезінде ЕТЖ көрсеткішін пайдаланатын жұмыс берушілер разрядаралық біліктілік жүйесін ескере отырып, қызметкерлердің басқа санаттарының жалақысын қайта қарайтын болады.

1 АЕК 3 692 теңге болады

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3 692 теңге болады. Сәйкесінше, әлеуметтік төлемдер көлемі де артады.

2023 жылы 1 АЕК 3 450 теңге болған еді.

Зейнетақы мен жәрдемақы өседі

2024–2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңда 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы төлемдерінің барлық түрін ҚР Ұлттық Банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 7 %-ға, ынтымақты зейнетақыны – 9 %-ға, яғни инфляция деңгейінен 2%-ға ілгерілеп арттыру көзделген.

2024 жылы бюджеттен төленетін жиынтық зейнетақының орташа мөлшері (БЖЗҚ төлемдерін есептемегенде) 130 414 теңгені құрайды (2023 жылы – 120 838 теңге).

Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-на дейін, ең жоғары – 120 %-ға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылады.

Мәселен, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 60%-дан 65%-ға дейін ұлғайтылатын болады, бұл 28 215 теңгені құрайды, ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 100-ден 105 %-ға дейін арттырылып, 45 578 теңгені құрайды.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылардың ұлғаюының бірнеше мысалы:

  • 1, 2, 3 баланың тууына берілетін жәрдемақы 131 100 теңгеден 140 296 теңгеге дейін, 4 және одан да көп бала тууына берілетін жәрдемақы – 217 350 теңгеден 232 596 теңгеге дейін ұлғаяды;
  • мөлшері балалар санына байланысты көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 55 304 теңгеден 59 183 теңгеге дейін, 10 баласы бар отбасылар үшін – 138 000 теңгеден 147 680 теңгеге дейін ұлғаяды;
  • I топ мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы 89 248 теңгеден 95 496 теңгеге дейін, II топ – 71 398 теңгеден 76 397 теңгеге дейін, III топ – 48 681 теңгеден 52 089 теңгеге дейін ұлғайтылады.

Сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша төлемдер 7 %-ға ұлғайтылады. Аталған төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен берілетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырады.

1 қаңтардан бастап балалардың төлқұжаты екі есе арзандайды

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда балалардың төлқұжаты екі есе арзандайды. Бұл халықтың көші-қон саласындағы заңнаманы жетілдіруге байланысты қабылданған нормалар негізінде өзгерді.

Қабылданған нормалар кәмелетке толмаған балаларға берілетін паспорттар үшін мемлекеттік баж салығын 8 АЕК-тен 4 АЕК-ке дейін төмендетуді, паспортты беру үшін оның беттерінің санына қарай, яғни мемлекеттік баж ставкаларын енгізуді көздейді. 16 жасқа дейінгі балаларға – 4 АЕК, 36 беттен тұратын төлқұжаттар – 8 АЕК, 48 беттік төлқұжаттар – 12 АЕК болады, - деп хабарлады ІІМ баспасөз қызметі.

Сондай-ақ құжат бастапқы жоғалған күннен бастап бір жыл ішінде жоғалған құжатты қалпына келтіруге екі және одан да көп рет жүгінген кезде жеке куәліктерді бергені үшін мемлекеттік баж салығы 0,2 АЕК-тен 1 АЕК-ке дейін ұлғайтылады.

Жалақы өседі

Премьер-министрдің орынбасары-Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев 2024 жылы азаматтардың жалақысы көтеруге қанша теңге бөлініп отырғанын айтқан еді.

Жақында Ерұлан Жамаубаев «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын Мәжілісте таныстырды.

Үкімет мүшесі халықтың табысын арттыру бағдарламасы аясында азаматтарды жұмыспен қамту үшін 2024 жылға 3,5 трлн теңге көзделіп отырғанын атап өтті.

Оның ішінде 1,5 млн-нан астам жұмыскердің жалақысын көтеруге 2,5 трлн теңге қарастырылған. Өңірлік жұмыспен қамту карталарына 724 млрд теңге көзделген. «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде 100 млрд теңге бөлініп, 18 мыңға жуық жұмыс орнын ашу болжанып отыр, - деді Жамаубаев.

Сонымен қатар мемлекеттік қолдау көрсетуге шамамен 380 млрд теңге көзделген, бұл 11 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Осы жерден кімнің жалақысы өсетінін көруге болады. 

Ұлттық қор балаларға ақша аудара бастайды

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске қосу жоспарланып отыр.

Оған сәйкес, балаларға жыл сайын ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50%-ы есептеледі. Балалар 18 жасқа толғанға дейін инвестициялық кіріс мерзімінен бұрын алынбайды.

Декларацияның ІІІ кезеңі басталады

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірыңғай жиынтық төлемді қолдану мерзімі аяқталады. Сондай-ақ жалпыға бірдей декларациялаудың III кезеңі енгізіледі.

Оның шеңберінде активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылар және дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары ұсынуға міндетті.

Жұмыс беруші міндетті зейнетақы жарналарын төлейді

2024 жылдан бастап жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары енгізіледі.

Жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын өз қаражаты есебінен 2024-2028 жыл аралығында 1,5%-дан 5%-ға дейін кезең-кезеңімен жұмыскерлерінің пайдасына аудару басталады. Осылайша, зейнеткерлікке шыққан кезде бұл жұмыскерлер қосымша жинақтаушы зейнетақы төлемімен қамтамасыз етіледі.

«9-20-25» іске қосылады

2024 жылдан бастап Қазақстанда «9-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасы іске қосылады. Жыл сайын 8 мың қазақстандық бұл бағдарламамен баспанаға ие бола алады.

Сыйақы мөлшерлемесі – 9%, бастапқы жарна – 20% және несие мерзімі 25 жылға дейін. Осы шарттар бойынша келесі жылдан бастап тұрғын үйді ипотекаға алуға болады. Іске асыруға 100 млрд теңге бөлінеді.

Кеншілер арнайы төлем алады

Кеншілер 55 жастан бастап арнайы төлем алатын болды. Президент тиісті Заңға қол қойды.

Арнайы төлемді кемінде 7 жыл міндетті зейнетақы жарналарын төлген 55 жастағы азаматтар ала алады. Сонымен қатар зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін жұмысшыларға да беріледі. Қазір елімізде осы санатта 37 мың адам бар. Оларға жаңа жылдан бастап ай сайын 208 мың теңге көлемінде төлем беріледі.

Автогаздың шекті бағасы бекітілді

Энергетика министрінің 2023 жылғы 22 желтоқсандағы бұйрығымен республикадағы жанармай құю станцияларын тауар биржаларынан тыс ішкі нарыққа жеткізу жоспары аясында сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағалары бекітілді.

Осылайша, 1 литр үшін ҚҚС-ты есепке алғанда ең жоғары бөлшек сауда бағасы:

Астана – 76 теңге;
Алматы – 81 теңге;
Шымкент – 64 теңге;
Алматы облысы, Солтүстік Қазақстан облысы – 81 теңге;
Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары – 54 теңге;
Ақмола облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Қостанай, Қарағанды ​​облысы. – 76 теңге;
Жамбыл облысы – 71 теңге;
Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан облыстары. – 64 теңге;
Павлодар облысы – 74 теңге.
Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары – 76 теңге.

Облыс орталығынан шалғайдағы (200 шақырымнан астам) елді мекендер үшін де шекті бөлшек бағалар бекітілді.

Бұйрық 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Айыппұл өседі

2023 жылы, яғни биыл 1 АЕК 3 450 теңгеге тең болатын. Енді 2024 жылдан бастап ол 242 теңгеге өспек.

2024 жылы 1 қаңтардан бастап құқық бұзып, айыппұл арқалағандар қанша теңге төлейтінін есептеп көрейік.

Қылмыстық кодекстің «Мемлекеттік рәміздерді қорлау» туралы 372-бабына өзгерістер енгізілді. Өзгерістер нәтижесінде рәміздерді қорлау дерегі үшін айыппұл көлемі 3 000 АЕК-ке өсті.

2024 жылдан бастап 1 АЕК 3 692 теңге, демек 3 000 АЕК 11 076 000 теңге болады.

Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзғаны, қауіпсіздік белбеуін тақпаны және көлік жүргізіп бара жатқанда телефон пайдаланғаны үшін жүргізушілерге 5 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл 2023 жылы 18 460 теңге.

Жүргізу құқығы жоқ жүргізушінің көлікті басқаруы 20 АЕК, яғни 73 840 теңге көлемінде айыппұл төлейді. Көлік құралын басқару құқығынан айырылғандар көлік жүргізсе, оларға 50 АЕК, яғни 184 600 теңге айыппұл салынады немесе 20 тәулікке қамауға алынады.

Қала және қала маңындағы қоғамдық көлікте жолақыны төлмегендерге 2 АЕК, яғни 7 384 теңге айыппұл салынады.

Ал жолаушыларды билетсіз алып жүргені үшін 5 АЕК (18 460 теңге) айыппұл салынады.

Айыппұл жайлы толығырақ мына жерден оқуға болады. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы