21 Қазан 2026, 17:15 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

1 қаңтардан бастап халыққа үй алуға 5 млн теңгеден беріледі: Кім ала алады?

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда еңбек күші ұтқырлығын арттыру мақсатында азаматтарды ерікті түрде қоныс аударудың жаңа қағидалары қолданысқа енгізіледі, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бағдарламаға қатысушыларға көшуге біржолғы субсидия, жалдау ақысы мен коммуналдық қызметтерге ай сайынғы өтемақы, сондай-ақ баспана сатып алуға арналған сертификат берілуі мүмкін. Ал басқа өңірлерден жұмысшы тартатын жұмыс берушілерге де мемлекеттік қолдау қарастырылған.

Қоныс аудару бағдарламасына кімдер қатыса алады?

Бағдарламаға мына санаттағы азаматтар қатыса алады:

  • жұмыссыздар;
  • сұранысқа ие мамандық иелері;
  • шаруа және фермер қожалықтарының басшылары;
  • қандастар;
  • басқа өңірлерден жұмысшы тартатын жұмыс берушілер.

Өңіраралық қоныс аудару еңбек күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы аймақтарға ұйымдастырылады. Көшіп шығатын өңірлер қатарына Алматы, Жамбыл, Маңғыстау және Түркістан облыстары, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалалары енгізілген.

Бір облыстың ішінде де қоныс аударуға болады. Мәселен, экономикалық әлеуеті төмен ауылдардан даму мүмкіндігі жоғары елді мекендерге немесе облыстық маңызы бар қалалардан негізінен ауыл шаруашылығына маманданған ауылдарға көшуге рұқсат етіледі.

Алайда мемлекеттік қолдау кез келген елді мекенге көшкен азаматтарға берілмейді. Қоныс аударылатын өңір мен елді мекен бекітілген тізімге енуі керек. Өңіраралық көшу кезінде қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу талаптары да ескеріледі.

Жұмысқа орналасу мақсатында қоныс аударған кезде 16-23 жастағы жетім балаларға арналған білім беру ұйымдарының тәрбиеленушілері мен түлектеріне, білім беру ұйымдарының түлектеріне, сондай-ақ штат қысқаруы немесе жұмыс берушінің таратылуы сияқты экономикалық себептермен жұмыстан босатылған қызметкерлерге басымдық беріледі.

Қоныс аударғандарға қанша ақша төленеді?

Қолдау мөлшері төлем түріне және белгіленген талаптардың орындалуына байланысты. 2026 жылғы 1 АЕК мөлшері – 4 325 теңге.

  • 70 АЕК (302 750 теңге) – отбасы басшысына және оның әрбір мүшесіне көшу шығындарын өтеуге арналған біржолғы субсидия.
  • Айына 15-30 АЕК (64 875-129 750 теңге) – тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтер ақысын өтеуге арналған төлем. Ол ең көбі 12 айға беріледі.
  • 1 625 АЕК-ке дейін (7 028 125 теңгеге дейін) – тұрғын үй сатып алуға немесе ипотекалық несие бойынша бастапқы жарна төлеуге арналған экономикалық мобильдік сертификаты.

Төлем алу үшін бағдарлама талаптарын орындау қажет. Олардың ішінде жаңа тұрғылықты жердегі еңбек қызметін растау және міндетті әлеуметтік аударымдарды төлеу де бар.

Қандай құжаттар қажет?

Өтініштер электронды цифрлық қолтаңба арқылы порталмен беріледі. Қолдау түріне қарай мына құжаттар талап етілуі мүмкін:

  • өтініш;
  • жеке басты куәландыратын құжат;
  • еңбек шарты және жұмысқа қабылдау туралы акт, егер бұл мәліметтер мемлекеттік ақпараттық жүйелерде болмаса;
  • тұрғын үйді жалдау шарты;
  • сатып алынатын баспанаға қатысты құжаттар және ипотека рәсімдеген жағдайда банктің мақұлдауы;
  • еңбек қызметі мен әлеуметтік аударымдарды растайтын құжаттар.

Мемлекеттік органдар қажетті мәліметтердің бір бөлігін ақпараттық жүйелерден өздері алады.

Жұмыс берушілерге қандай қолдау көрсетіледі?

Басқа өңірлерден жұмысшы тартатын жұмыс берушілер екі қолдау шарасының бірін таңдай алады.

Бірінші нұсқа – 400 АЕК (1 730 000 теңге) мөлшеріндегі субсидия.

Бұл қолдауды алу үшін жұмыс беруші қызметкерді кемінде екі жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылдауы, белгіленген талаптарға сәйкес оның көшу және тұрғын үй жалдау шығындарын төлеуі керек.

Портал арқылы өтініш бергенде еңбек шарты, жұмысқа қабылдау туралы акт, қызметкермен жасалған көшу, жұмысқа орналасу және баспанамен қамтамасыз ету шарттары туралы келісім, тұрғын үйді жалдау шарты, сондай-ақ жұмыс берушінің көшу шығындарын төлегенін растайтын құжаттар ұсынылады.

Екінші нұсқа – баспана сатып алу шығынының 50%-ын өтеу.

Бұл ретте өтемақы мөлшері 1 160 АЕК-тен (5 017 000 теңге) аспайды. Жұмыс беруші қабылдаушы өңірден баспана сатып алып, белгіленген талаптар орындалғаннан кейін оны қызметкердің меншігіне береді. Қызметкер тұрақты жұмысқа бес жылдан астам мерзімге орналасуы керек.

Бұл қолдауды алу үшін еңбек шарты, жұмысқа қабылдау туралы акт, қызметкермен жасалған келісім, тұрғын үйді сатып алу-сату шарты, жұмыс берушінің меншік құқығын тіркеу туралы мәліметтер, баспананың бағалау есебі, төлем құжаттары, қабылдау-тапсыру актілері, көшу шығындарын растайтын құжаттар және тұрғын үйді қызметкерге беру міндеттемесі қажет.

Бір қызметкерге және бір қоныс аудару жағдайына қатысты жұмыс беруші қолдаудың тек бір түрін ғана таңдай алады.

Жұмыс беруші төлем алуға арналған өтінішті қызметкерді өңірлік квотаға енгізу туралы шешім қабылданған күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде портал арқылы береді. Еңбек мобильділігі орталығы өтінішті бес жұмыс күні ішінде қарайды.

Қандай жағдайда төлем берілмеуі мүмкін?

Жалған мәлімет ұсыну, құжаттардың толық болмауы, төлем алуға құқығының болмауы немесе белгіленген талаптарға сәйкес келмеу мемлекеттік қолдаудан бас тартуға негіз болады.

Егер өтініш берушінің немесе оның отбасы мүшелерінің қоныс аудару өңірінде соңғы бес жыл ішінде меншігінде тұрғын үйі болса немесе коммуналдық тұрғын үй қорынан кемінде алты ай тұрақты пайдалануға берілген баспанасы болса, сертификат, тұрғын үй және жалдау ақысын өтеу түріндегі қолдау көрсетілмейді.

Сонымен қатар қоныс аударған өңірде жаңа тұрғылықты жері бойынша тұрақты тіркеу қажет.

Егер азамат қоныс аударғаннан кейін бес жыл ішінде Үкімет айқындаған өңірлерден өз бетінше көшіп кетсе, бұрын алған төлемдерін бюджетке қайтару талап етілуі мүмкін.

Жаңа қағидалар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.