1 қаңтардан бастап БЖЗҚ-дан қаражат алу шегі өседі: қазақстандықтар нені білуі керек
Зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шегі – зейнетақы жүйесіндегі негізгі бағдарлардың бірі. Бұл көрсеткіш жыл сайын бюджет мүмкіндіктері мен әлеуметтік-экономикалық жағдайды ескере отырып қайта қаралады. Аталған шек зейнетақы шотында ең төменгі зейнетақы деңгейінен кем емес төлемдерді қамтамасыз ету үшін қандай көлемде қаражат қалуы тиіс екенін айқындайды. 2026 жылы ең төменгі жеткіліктілік шектері қандай болады? Толығырақ BAQ.KZ тілшісінің материалында.
Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің талаптарына сәйкес, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры жыл сайын келесі қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заң ресми жарияланғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шектерін жариялайды. Осылайша, 2025 жылы БЖЗҚ 2026 жылға есептелген ең төменгі жеткіліктілік шектерін мәлімдеді.
Ең төменгі жеткіліктілік шегі – міндетті зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан, салымшының жеке зейнетақы шотында сақталуға тиіс ең аз зейнетақы жинағының көлемі. Бұл көрсеткіш зейнет жасына жеткен кезде, ең төменгі базалық зейнетақы төлемін ескере отырып, зейнетақы төлемдерінің мөлшері ең төменгі зейнетақы деңгейінен кем болмауын қамтамасыз ету үшін қажет.
Ең төменгі жеткіліктілік шектерінің мөлшері нақты бір тұрақты сома болып белгіленбейді және бірқатар факторларға байланысты есептеледі. Оларды айқындау кезінде республикалық бюджет аясында жыл сайын бекітілетін қазіргі және болжамды әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер ескеріледі.
2026 жылға арналған ең төменгі жеткіліктілік шектерін есептеу барысында БЖЗҚ Қазақстан Республикасының «2026–2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңында бекітілген негізгі параметрлерге сүйенді. Атап айтқанда, есептеулердің негізіне ең төменгі жалақы мөлшері – 85 000 теңге, ең төменгі зейнетақы – 69 049 теңге, сондай-ақ күнкөріс деңгейі – 50 851 теңге алынған.
Осы есептеулердің нәтижесінде 2026 жылға арналған зейнетақы жинақтарының ең төменгі жеткіліктілік шектері өткен жылмен салыстырғанда өсті. 2025 жылы ПМД көрсеткіштері жекелеген экономикалық индикаторлардың өсуіне қарамастан, 2023–2024 жылдар деңгейінде сақталып, айтарлықтай өзгеріске ұшырамаған еді. Бұл кезеңде ең төменгі жалақыны қоса алғанда, базалық параметрлер қайта қаралмаған болатын.
Қазіргі таңда жаңа бюджет пен қолданыстағы экономикалық жағдай ескеріле отырып, негізгі бағдарлар жаңартылды. Нәтижесінде ең төменгі жеткіліктілік шектері 2025 жылмен салыстырғанда орта есеппен шамамен 10 пайызға артты. Бұл ең төменгі зейнетақы деңгейінен кем емес төлем алу үшін зейнетақы шотында сақталуы тиіс қаражат көлемі жас ерекшелігіне қарамастан, дерлік барлық жас топтары үшін ұлғайғанын білдіреді.
Мәселен, 20 жастағы азаматтар үшін ең төменгі жеткіліктілік шегі 3 720 000 теңгені құрайды. 21 жаста бұл көрсеткіш – 3 850 000 теңге, 22 жаста – 3 990 000 теңге, 23 жаста – 4 120 000 теңге, ал 24 жаста – 4 260 000 теңге.
Одан кейін шектер біртіндеп өседі: 25 жаста – 4 390 000 теңге, 26 жаста – 4 530 000 теңге, 27 жаста – 4 680 000 теңге, 28 жаста – 4 820 000 теңге, 29 жаста – 4 970 000 теңге.
30 жастағы салымшылар үшін ең төменгі жеткіліктілік шегі 5 120 000 теңге деңгейінде белгіленген. 31 жаста – 5 270 000 теңге, 32 жаста – 5 420 000 теңге, 33 жаста – 5 570 000 теңге, ал 34 жаста – 5 730 000 теңге.
35 жаста ең төменгі жеткіліктілік шегі 5 890 000 теңгені құрайды. 36 жаста – 6 050 000 теңге, 37 жаста – 6 220 000 теңге, 38 жаста – 6 380 000 теңге, 39 жаста – 6 550 000 теңге, 40 жаста – 6 720 000 теңге, ал 41 жаста – 6 890 000 теңге.
Жасы үлкен топтарда бұл шектер одан әрі өседі: 42 жаста – 7 070 000 теңге, 43 жаста – 7 250 000 теңге, 44 жаста – 7 430 000 теңге, 45 жаста – 7 610 000 теңге, 46 жаста – 7 800 000 теңге, 47 жаста – 7 990 000 теңге.
48 жастан бастап ең төменгі жеткіліктілік шегі 8 180 000 теңге болып белгіленген. 49 жаста бұл көрсеткіш – 8 370 000 теңге, 50 жаста – 8 570 000 теңге, 51 жаста – 8 770 000 теңге, ал 52 жаста – 8 970 000 теңге.
53 жаста ең төменгі жеткіліктілік шегі 9 180 000 теңге болып белгіленген. 54 жаста – 9 390 000 теңге, 55 жаста – 9 600 000 теңге, 56 жаста – 9 810 000 теңге, 57 жаста – 10 030 000 теңге, 58 жаста – 10 250 000 теңге, ал 59 жаста – 10 480 000 теңге.
60 жастан асқан салымшылар үшін, яғни 60–62 жас аралығында, ең төменгі жеткіліктілік шегі 10 700 000 теңге деңгейінде белгіленген.
Жарияланған ең төменгі жеткіліктілік шектері салымшыларға қазіргі зейнетақы жинақтарының болашақ төлемдер үшін жеткілікті-жеткіліксіз екенін бағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ зейнетке шыққан кезде төлемдер мөлшері белгіленген ең төменгі деңгейден кем болмауы үшін зейнетақы шотында қанша қаражат қалуы тиіс екенін айқындауға көмектеседі.