1 млрд тонна мұнай: Каспий құбыр консорциумы тарихи белеске жетті
Каспий құбыр консорциумы (КТК) ресми түрде маңызды межеден асты – құбыр жүйесі іске қосылғаннан бері Теңіз терминалынан миллиардыншы тонна мұнай жөнелтілді, деп хабарлайды BAQ.KZ компанияның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Осы уақыт ішінде теңізге айлақ құрылғыларынан 9 334 танкер жөнелтілген. Бұл тек статистика ғана емес, жобаның тұрақтылығы мен тиімділігін, халықаралық ауқымын айқындайтын көрсеткіш.
КТК бас директоры ұжымды осы жетістікпен құттықтап, оны 1990-жылдары сарапшылар КТК-ны «ХХІ ғасырға апарар жол» деп атаған кезде қателеспегенінің дәлелі деп атады. 25 жыл ішінде консорциум Каспий аймағынан әлемдік нарықтарға мұнай тасымалдаудың ең сенімді әрі тиімді бағыттарының бірі ретінде танылды. Жоба уақыт сынынан сүрінбей өтті.
2001 жылы пайдалануға берілгеннен бастап КТК қуаттылығын бірнеше рет арттырды. 2004 жылы өткізу қабілеті 28,2 млн тоннаға жетсе, 2010 жылы – 35 млн тоннаға, 2014 жылы – 40 млн тоннадан асты. 2016 жыл да тарихи кезең болды: жүйенің ресурс базасы Қазақстандағы Қашаған, Ресейдегі Филановский мен Корчагин кен орындарының есебінен кеңейіп, өткізу қабілеті жылына 82 млн тоннаға жетті.
КТК бас директоры атап өткендей, компанияның халықаралық мәртебесі басқару, жобалау, құрылыс және пайдалану ісінде әлемдік үздік тәжірибелерді енгізуге жол ашты. Соңғы жылдары инфрақұрылым белсенді түрде жаңғыртылуда: насос қондырғылары ауыстырылып, жаңа диспетчерлік бақылау жүйесі (SCADA) енгізілді, сондай-ақ теңіз терминалындағы айлақ құрылғыларын алмастыруға дайындық жүргізілуде.
Әсіресе қауіпсіздік, еңбекті қорғау және әлеуметтік жауапкершілікке баса мән беріледі. Консорциум жүйелі қайырымдылық бағдарламасын жүзеге асырып, құбыр өтетін аймақтардағы инфрақұрылым мен халықтың өмір сүру сапасын қолдап келеді.
Айта кетейік, КТК қазақстандық және ресейлік мұнай экспортындағы ең маңызды логистикалық буын болып қала береді. Теңіз кен орнынан Новороссийск портына дейінгі құбырдың ұзындығы – 1 511 км. Қазақстан экспортының үштен екісінен астамы дәл осы құбыр арқылы тасымалданады.