Бүгiн 2026, 13:00 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

1 млрд теңге: Құрамында алтыны бар құмды шетелге шығару әрекетінің жолы кесілді

Жамбыл облысында 1 млрд теңгенің алтын қоспасы тәркіленді.

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері Жамбыл облысында 160 тонна кен мен бағалы металдар концентраттарын, құрамында алтыны бар құмды шетелге шығару әрекетін анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

ҰҚК мәліметтері бойынша, заңсыз айналымнан алынған пайдалы қазбалардың жалпы сомасы 1 млрд теңгені құрады.

Сонымен қатар, ҰҚК Шекара қызметі 2026 жылғы наурызда мемлекеттік шекара арқылы заңсыз миграцияға және есірткі тасымалына қарсы іс-қимыл бойынша бірқатар іс-шаралар жүргізді. Нәтижесінде келесі құқық бұзушылықтар анықталды.

Ақтөбе облысында жүк автокөлігінің тіркемесінде өткізу пунктінен жасырын өтуге әрекеттенген 18 шетел азаматы ұсталған.

Сондай-ақ, Солтүстік Қазақстан облысында «синтетикалық есірткілерді» дайындауға арналған көлемі 5100 литр прекурсорлардың ірі партиясы табылған.

Жыл басынан бері барлығы 9 620 литр химиялық заттарды («Тұз қышқылы», «Ацетон», «Фенилпентан») және 1 000 кг «Бромкетон-4» затын тасымалдау әрекетінің жолы кесілді. Осы іс-қимылдардың нәтижесінде прекурсорларды түпкілікті алушылар анықталып, нарколабораториялар жойылды, – деп атап өтті ҰҚК өкілдері.

Аталған фактілер бойынша материалдар процессуалдық шешім қабылдау үшін құзыретті органдарға жолданды.