1 млн теңге: Мобильді аударымдарға бақылау күшейеді
Елімізде мобильді аударымдарды тексеру талаптары едәуір қатаңдатылатыны белгілі. Қоғамда мобильді аударымдардың сомасы миллион теңгеден асып кетсе және 3 ай қатарынан 100 адамнан ақша түссе, ол автоматты түрде кәсіпкерлік қызмет ретінде қарастырылып, салық органдарының тексерісіне ілінуі мүмкін екені айтылды. BAQ.KZ тілшісінің осы мәселеге қатысты сұрағына Мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов өз көзқарасын білдіріп, бұл сұрақтың екі жағы бар екенін атап өтті.
Депутаттың айтуынша, ең алдымен жеке азаматтың жеке құқығы тапталмауы керек. Мысалы отбасы мүшелері немесе достар бір-біріне ақша аударып отырса, оған ешқандай кедергі болмауы қажет. Бұл – әр адамның жеке ісі және оған мемлекет араласпауы тиіс.
Сонымен қатар, екінші жағы да бар. Егер азамат кәсіпкерлік қызмет жүргізіп, өз кәсібінде мобильді аударымдарды пайдаланып жүрсе, онда бұл ақша айналымдарына қатысты “салық төлене ме, төленбей ме?” деген сұрақтың туындауы орынды. Алайда қазіргі таңда халықтың бір бөлігінде “салықты не үшін төлеу керек?” деген түсініксіздік бар екенін депутат жасырмады.
Айтуар Қошмамбетов мұны мемлекеттің және мемлекеттік қызметкерлердің олқылығы деп санайды. Оның пікірінше, соңғы отыз жыл ішінде халыққа салықтың не үшін төленетінін нақты, түсінікті етіп түсіндіру қажет еді. Ал халықтың мұндай сұрақ қоюының басты себебі – төленген салықтың қалай және қайда жұмсалып жатқанының айқын болмауы.
Өте көп сұрақтар туындайды: салық дұрыс қолданылып жатыр ма, неге бір бордюрді жыл сайын ауыстыра береді, неге бір жобалар қайта-қайта жасалады? – дейді депутат. Осындай сұрақтарға нақты жауап берілген кезде ғана билік халықтан салық төлеуді талап ете алады.
Қазіргі таңда бұл сұрақтардың басым бөлігіне жауап жоқ екенін айтқан Айтуар Қошмамбетов, өкінішке қарай, сондықтан халықта салық төлеудің маңызын ішкі қажеттілік ретінде түсіну қалыптаспай отырғанын жеткізді.
Біз – бір халықпыз, бір ұлтпыз, бір елміз, мүддеміз де бір. Егер бірлесе отырып жұмыс жасасақ, егер төленген салықтың дұрыс әрі ашық жұмсалып жатқанын халық көрсе, онда қоғамның көзқарасы өзгереді. Бұл – елге деген сенімді қалыптастырады. Ал қазір сол сенім сәл үзіліп қалғандай, – деп түйіндеді Мәжіліс депутаты.
2026 жылдан бастап мобильді аударымдарға қатысты не өзгереді?
Бұған дейін мобильді аударымдарға қатысты не өзгеретінін жазған болатынбыз.
Банк қандай ақпаратты салық органдарына береді?
Салық кодексінің нормаларына сәйкес, банктер енді жеке тұлғалардың кәсіпкерлік қызметтен табыс алуға ұқсас операциялары байқалған шоттары туралы мәліметтерді Мемлекеттік кірістер органдарына беруге міндетті.
Мұндай операцияларды анықтау тәртібін және берілетін ақпараттың тізбесін уәкілетті орган Ұлттық банкпен келісіп бекітеді.
Осы нормаларды іске асыру үшін 2025 жылғы 12 қарашада ҚР Қаржы министрінің №698 бұйрығы қабылданды. Бұйрықта:
- банктерден мемлекеттік кірістер органына берілетін мәліметтердің тізбесі;
- кәсіпкерлікке ұқсас ақша қозғалысын анықтау өлшемшарттары;
- ақпарат беру тәртібі мен мерзімдері толық айқындалған.
Кәсіпкерлікке ұқсас операция деп нені айтады?
Егер жеке тұлғаның шотындағы операция төмендегі екі шартқа бір уақытта сәйкес келсе, ол кәсіпкерлік қызметтен түскен табыс белгісі болып есептеледі:
- 3 ай ішінде 100 және одан көп әртүрлі жеке тұлғадан ақша түсуі;
- Түскен қаражаттың жалпы сомасы ең төменгі жалақының (ЕТЖ) 12 еселенген мөлшерінен асуы.
2026 жылғы есеп бойынша бұл сома – 1 020 000 теңге.
Бұл талаптар кәсіпкерлікке арналмаған жеке банктік шоттарға қатысты қолданылады.
Мысал:
Егер азамат өзінің жеке шотына мобильді аударым арқылы:
- Наурызда – 100 немесе одан көп адамнан;
- Сәуірде – 100 немесе одан көп адамнан;
- Мамырда – 100 немесе одан көп адамнан
және жалпы сомасы 1 020 000 теңгеден асатын ақша алса, оның мәліметтері банктер арқылы Мемлекеттік кірістер органдарына жіберіледі.
Осыдан кейін не болады?
Банктер мәлімет жібергеннен кейін, кірістер органдары камералдық бақылау жүргізеді. Егер сәйкессіздік табылса, азаматқа тиісті хабарлама жолданады.
Азамат хабарлама алған кезде екі нұсқа болады:
Келіссе:
- тиісті салық кезеңі үшін қажетті салықтық есептілікті тапсырады.
Келіспесе:
- түсініктеме жібереді және келіспеу себептерін растайтын құжаттарды ұсынады.
Түсініктеме ішінде мынадай ақпарат болуы тиіс:
- салық төлеушінің және салық органының деректері;
- хабарламаның күні мен нөмірі;
- келіспеу себептері;
- қолтаңба және күні;
- дәлел құжаттардың тізімі (бар болса).
Егер хабарламадағы кейбір дерекпен келіссе, ал кейбірімен келіспесе – онда азамат сол бөлігін түзетіп, қалғанына түсінік беруі қажет.
Сонымен кім бақылауға ілінеді?
Бұл бақылау кез келген азаматқа қатысты жүргізіледі, егер оның шотында жоғарыда көрсетілген өлшемшартқа сәйкес операциялар анықталса.
Яғни, мобильді аударымдарды бақылау тек белгілі бір тұлғаларға ғана емес, кәсіпкерлікке ұқсас табыс алатын барлық жеке тұлғаға қатысты болды.