1 млн-нан астам астаналық ай сайын медициналық сақтандыруға қаржы құяды
Бүгінгі таңда елорда тұрғындарының 82,7%-ы медициналық сақтандыру қорына қаражат құяды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ал 17,3%-ға жуық тұрғын қамтылмай, медициналық сақтандыру жүйесінен тыс қалып отыр.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры елорда бойынша филиал директоры Нұрлыбек Қабдықапаровтың айтуынша, МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған 17,3%-ға жуық елорда тұрғыны енді алдын ала бір жылға «сақтандырылған» мәртебесін ала алады.
Қор қала тұрғындарының жүйемен қамтылу көрсеткішін арттыру жұмыстарын жалғастыруда.
5 қыркүйектен бастап бір жылға алдын ала жарна төлеу арқылы МӘМС жүйесіне қатысудың жаңа тетігі іске қосылды. Оны «сақтандырылған» мәртебесі бар, сондай-ақ жүйеге ешқашан төлем жасамаған немесе жүйесіз төлем жасаған барлық дербес төлеушілер пайдалана алады.
Бүгінгі күнге дейін медициналық сақтандыруға жарналарды ешқашан төлемеген немесе жүйелі түрде төлемеген, соның салдарынан сақтандыру мәртебесінен айырылған дербес төлеушілерге оны қалпына келтіру үшін өткізіп алған айлар үшін, тіпті өткен жылға да жарналарды төлеу қажет еді. Енді оларда балама әдіс пайда болды – жарна аударылмаған өткен кезеңді төлемей-ақ, алдағы 12 ай үшін төлем жасау арқылы «сақтандырылған» мәртебесін ала алады.
Елордада, қазіргі уақытта тұрғындардың 82,7%-ы – МӘМС жүйесінің қатысушылары, яғни 1 080 188 астаналық сақтандырылған. Әлі 225 545 қала тұрғыны қамтылмай, жүйеден тыс қалып отыр. Бұл олардың жоспарлы және жоғары технологиялық медициналық көмек алуын, аурулардың алдын алуын, медициналық диагностикаға қол жеткізуін қиындатады. Осы ретте енгізілген жаңа төлем механизмі оң ықпал етеді деп ойлаймыз, - деді филиал басшысы.