1 қыркүйекте халық санағы басталады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында СЖРА Ұлттық статистика бюросының басшысы Нұрболат Айдапкелов айтты. Елімізде Ұлттық халық санағын өткізу 2020 жылғы 1–30 қазан аралығына жоспарланған болатын.
Алайда елдегі СOVID-19 пандемиясына байланысты санақ биыл күзге ауыстырылды.
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Реформалар жөніндегі Жоғары кеңестің отырысында 2021 жылғы 1 қыркүйектен бастап 30 қазанға дейін ұлттық санақ жүргізуді тапсырды. Үкіметтің 2019 жылғы 19 маусымдағы №419 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасында үшінші кезекті ұлттық халық санағы 2021 жылғы 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында өткізіледі. Оның ішінде 1 қыркүйектен 15 қазанға дейін онлайн санақ жүргізіледі. Ал 1 қазан мен 30 қазан аралығында планшеттерде жаппай сауалнама жүргізу туралы шешім қабылданды, - деді Ұлттық статистика бюросының басшысы.
Айта кететін жайт, халық санағы БҰҰ жариялаған халық және тұрғын үй қоры санақтарын өткізу бойынша 2020 жылғы кезекті дүниежүзілік раунды шеңберінде жүргізіледі.