1 комбайн үшін 8 300 000 теңге. Депутат техникаға кәдеге жарату алымын жоюды ұсынды

Сенатор Әли Бектаев ауыл шаруашылығы техникасына кәдеге жарату алымын жоюды ұсынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Еліміздегі ауыл еңбеккерлері пайдаланып жүрген ауыл шаруашылығы техникасының 76%-ының тозығы жеткен. Норматив бойынша әр мың гектарға 5 трактор мен 3 комбайнның қажеттігін ескерсек, қазіргі кезде егіс алаңдарына 65 мың трактор, 43 мың комбайн жетіспей отыр. Ал ауыл шаруашылығы техникалары жыл сайын 4,5% ғана жаңарады. Олай болса, тек жетіспейтін тракторлар мен комбайндардың орнын толтыру үшін 14-15 жыл керек болады.

Сенатор Әли Бектаев өзінің депутаттық сауалында ауыл шаруашылығы техникасының тозуы мен тапшылығы туралы айтты.

Елімізде ауыл шаруашылығының құрал-жабдықтарын өндіретін 10 зауыт пен өздігінен жүретін техникалар шығаратын 8 кәсіпорын бар. Ол кәсіпорындар 2023 жылы 5 400 трактор, 1 000 комбайн, 17 000-нан астам тіркемелі құрылғыларды шығарды. Яғни, олар тракторлар мен комбайндарға деген жылдық қажеттіліктің 80%-н, ал тіркемелі техникалардың 30%-ға жуығын құрайды. Өкінішке орай, бізде шығарылатын тракторлар мен комбайндардың Қазақстандық мазмұны 42-44% ғана. Негізгі қосалқы бөлшектер сырттан келеді. Сондықтан да олардың бағасы өте қымбат. Тауар өндірушілер ала алмайды. Ауыл шаруашылығына қажетті жеңіл құрылғылардын, соқалар мен культиваторлардың, дискілі тырмалардың, мал азығын дайындайтын машиналар мен механизмдердің, пішен жинағыштар мен тұқым сепкіштердің, көшет отырғызатын жабдықтардың басым көпшілігі шетелден әкелінеді. Негізінен металдан тұратын, қарапайым ғана осы техникаларды неге өзімізде көптеп шығаруға болмайды? Жалпы Қазақстанда отандық аграрлық машина жасау саласын дамытудың бағдарламасы, болмаса концепциясы бар ма?,- деп сұрады Әли Бектаев.

Сенатор сонымен қатар жаңа ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу үшін кәдеге жарату алымының құны жоғары екенін атап өтті. Бұл шаруалардың жаңа техниканы сатып ала алмауына және ескірген тракторлар мен комбайндарды пайдалануына және үнемі жөндеуге мәжбүр болуына әкеледі.

2024 жылғы жағдай бойынша утиль алымының көлемі бір трактор үшін 370 000-нан 7 380 000 теңге, ал бір комбайн үшін 1 600 000-нан 8 300 000 теңге аралығын құрайды. Оны төлеуге шамасы келмеген орта және шағын шаруашылықтар жаңа техника алуды қойды. Ескі техникамен егіс егеді, ескі комбайнмен астық жинайды. Жарамсыз техниканы қосалқы бөлшекке пайдаланады, ал қалған қаңқасын металлоломға өткізіп күн көреді. Техниканы алып жатқан да, кәдеге жаратып, жойып жатқан да шаруалардың өздері. Сонда негізгі оператор болып, қаржы жинап отырған «Жасыл даму» мекемесінің үлесі неде? Жалпы, ауылшаруашылы техникалары үшін кәдеге жарату алымын алып тастаса мемлекет ұтпаса ұтылмайды деп ойлаймыз, - деді сенатор.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы