1 грамм есірткі сақтағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады

Бұл туралы  ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов Президент жанындағы ОКҚ-да өткен брифингте айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Былтыр кейбір есірткінің қылмыстық мөлшері бекітілді. Мефедрон түрлері 3 грамнан 1 грамға төмендетілді. Марихуана араласқан спайстың түрлері 50 грамнан 1 грамға дейін деп бекітілді. Есірткініің 1 грамнан астам мөлшерін ұстаса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ал ол мөлшерге жетпесе, құқық бұзуға жатады. Құқық бұзу 296 баптың 1-2-тармақтарына жатқызылады. Ол дәрігердің кеңесінсіз тұтыну мен аз мөлшерде сақтағаны үшін жауапқа тартуды білдіреді, – деді Әмірханов.

Ол құрамында есірткісі бар шөптерді өсіруге қатысты жаза туралы да айтты.

Шөпті культивациялау 300-бапқа жатады. Көбіне Қызылорда облысындағы үнді қарасорасын анықтау бойынша жұмыс жүргізіледі. Жыл сайын бізде «Қарасора» іс-шарасы 1 маусымнан 30 қазанға дейін жалғасады. Жыл сайын үнді қарасорасының 60 плантациясы анықталады. Ол арнайы сорғы мен қондырғыларды қолдану арқылы өсіріледі. Плантацияларды тікұшақ арқылы ғана анықтауға  болады. Қылмыскерлер маусым бойы соның басында жатып, өсіреді, – деді Бақытжан Әмірханов. 

Оның айтуынша, есірткі плантацияларын анықтауда Жерді қашықтан зондтау мен пилотсыз ұшу аппараттары да пайдаланылады. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы