Еліміздің 1 300-ге жуық азаматы ITEC арқылы біліктілігін арттырды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үндістан елшілігі елордада ITEC күнін атап өтті. Бұл – біліктілікті арттыруға арналған Үндістан үкіметінің шетелдік серіктестерге арналған оқыту бағдарламасы.
Салтанатты іс-шараға ITEC түлектері мен қонақтар қатысты. Сонымен қатар Нұр-Сұлтан қаласы жастар саясаты басқармасының басшысы Қайрат Қамбаров та кешке қатысты.
Салтанатты іс-шараның ашылуында Үндістанның Қазақстандағы елшісі Шубдхаршини Трипти ханым құттықтау сөзін айтты.
Бүгін ITEC күнін атап өтуге келгендеріңізге алғысым шексіз. 1964 жылы іске қосылған бағдарлама қазіргі күнге дейін қарқынды дамып, даму саласындағы басты серіктес бағдарламаға айналды. Бағдарлама серіктес елдердің азаматтарына біліктілікті арттыру курстарынан өтуге, адами ресурстың дамуына мүмкіндік береді. Осылайша бұл курстан өткен азамат өз елінің дамуына үлесін де қоса алады. Бағдарлама шеңберінде түрлі курстардан өтуге болады, - деді дипломат.
Оның сөзінше, ITEC бағдарламасы 1964 жылы 15 қыркүйекте іске қосылды. Бұл Үндістанның 160 серіктес елмен және 13 көпжақты агенттікпен жыл сайын шамамен 1 000 жетекші оқу орнында әлеуетті арттыруға арналған ынтымақтастықты дамытудың флагмандық бағдарламасы. Оқу бағдарламасы пәндердің кең ауқымын қамтиды. Бағдарлама туралы толық ақпаратты https://www.itecgoi.in/meaportal/homepage бөлімінен қарауға болады.
Өкінішке қарай, пандемияға байланысты курсты дәстүрлі форматта өткізу мүмкін болмай тұр. Сол себепті жағдай қалпына келгенше курс онлайн форматта өтеді. Осы ретте Қазақстан Үкіметіне ел мамандарын осы курсқа тартып, барынша қолдау көрсетіп отырғандары үшін алғыс айтқым келеді, - деді елші Шубдхаршини Трипти.
Бағдарлама шеңберінде Үндістан азаматтық және қорғаныс секторларында техникалық ноу-хау мен әлеуетті арттыруды ғана емес, сонымен қатар кеңес беру қызметтері, техникалық-экономикалық негіздемелер, үнді сарапшыларын шетелге жіберу, оқу сапарлары, гуманитарлық көмек және апаттардың салдарын жою сияқты жобаларға байланысты іс-шараларды ұсынады.
1992 жылдан бері Қазақстан ITEC бағдарламасы бойынша Үндістанның серіктесі. Содан бері Қазақстанның 1 290-ға жуық маманы, оның ішінде 1 040-қа жуық азаматтық қатысушы мен 250-ге жуық әскери қызметкер ITEC шеңберінде ұсынылатын әлеуетті арттыру бойынша қысқа мерзімді мамандандырылған оқу бағдарламаларын пайдаланды.