1 000 теңгелік мерейтойлық банкнота айналымға шығады

Қазақстан Ұлттық банкі 2025 жылғы 9 мамырда Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арнап номиналы 1 000 теңгелік мерейтойлық банкнотаны айналымға шығарады. Банкноталардың таралымы 5 миллион данамен шектелген, деп хабарлайды BAQ.KZ Ұлттық банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

9 мамыр – бүкіл әлем үшін айтулы күн. Қазақстан Жеңіске қомақты үлес қосты. Республикадан 1,2 миллионға жуық адам жұмылдырылды, бұл сол кездегі жалпы халықтың шамамен – 20%-ы. Отандастарымыз жаяу әскерде, танк бөлімшелерінде, авиация мен флотта ерлікпен шайқасты. Қаһарман отандастарымыздың ерлігіне құрмет таныту үшін Ұлттық банк ұлттық валютада мерейтойлық банкнотаны айналымға шығарғалы отыр, - деп хабарлаған Ұлттық банк.

Мерейтойлық банкнотаның дизайны қандай?

Банкноталардың түсі – қоңыр-сарғылт.

Алдыңғы бетінде:

Даңқ мемориалы бейнеленген, Отан үшін жан қиған батырларға көрсетілген құрмет белгісі – 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта орналасқан.

Микро-оптикалық қорғаныс жолағы. Банкнота бұрышын өзгерткен кезде жолақта тереңдіктің, көлемнің және жылтырдың үш өлшемді әсері, сондай-ақ мәңгілік алау мен ұшып бара жатқан тырналар көрінеді. Тырналар силуэті – жақсылық пен үміттің бейнесі – өмірді суреттейді.

Екінші бетінде:

– тарихи мұрағаттық фотосуреттердің үзінділерімен Қазақстан картасы бейнеленген. Суреттерді www.kfdz.kz ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап комитетінің "Орталық мемлекеттік кино-фото құжаттар және дыбыс жазбалары архиві" РММ ұсынды.

– ерлік, табандылық пен батырлықтың символы ретінде Отан соғысы ордені бейнеленген.

Номиналы 1 000 теңгелік мерейтойлық банкнота өз құнына сай Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төлемнің барлық түрі бойынша қабылдануға жатады. Сондай-ақ банктік шотқа салуға, Қазақстан Республикасының барлық банкінде аударуға және ұсақталуға міндетті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы