14 Қазан 2026, 14:37 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

0% бөліп төлеу шынымен тегін бе: Аз төлемдер қалай үлкен шығынға айналады?

Айына 2 мың, 5 мың немесе 10 мың теңге ғана төлеу аса үлкен шығын болып көрінбеуі мүмкін. Алайда бірнеше бөліп төлеу қатар келгенде, ай сайынғы міндеттемелер отбасы бюджетіне салмақ түсіреді. «0%» деген ұсыныс шынымен тегін бе, бөліп төлеу қай кезде тиімді құралдан қаржылық қиындықтың себебіне айналады? BAQ.KZ тілшісі осы сұрақтарға жауап іздеп, қаржы маманымен және бөліп төлеуден бас тартқан жас отбасымен сұхбаттасты.

«Айына 2 мың теңге ғана»: бөліп төлеу қалай әдетке айналады?

Өскемен қаласының тұрғындары, жас отбасы Аяулым Тұрсынхан мен Берік Қыта рассрочка алуды үйленгеннен кейін бастаған. 

Басында үйді толтыру үшін жиһаз, техника сияқты қажетті заттарды бөліп төлеуге алдық. Бірақ кейін ай сайын бір нәрсе алатын болдық. Бір кезде бұл әдетке айналып, өзіміз де қалай жиілеп кеткенін байқамай қалдық, – деді олар.

Олардың айтуынша, бөліп төлеуді рәсімдегенде адамдар көбіне тауардың толық құнына емес, ай сайын төлеуге тиіс сомаға назар аударады. Мәселен, бір зат үшін айына 10 мың теңге, екіншісі үшін 20 мың теңге төлеу керек болса, адам мұны табысына шақтап, қалтасы көтеретіндей көруі мүмкін. Бірақ осындай бірнеше міндеттеме жиналған сайын ай сайынғы жалпы төлем де көбейеді.

Бір затты алғанда, айына 10 мың теңге төлеймін, екіншісін алсам, тағы 20 мың теңге төлеймін деп ойлайсыз. Ал уақыт өте келе тағы бір зат алуға болатындай көрінеді. Бір күні ай сайынғы төлеміңіз жалақыңызбен бірдей болып қалғанын байқайсыз. Сонда ғана барлық табысыңызды төлемдерге жұмсап жатқаныңызды түсінесіз, – деді кейіпкерлер.

Аяулым мен Берік бөліп төлеудің тағы бір ерекшелігіне назар аударады: тауарды бірден қолыңа алған кезде қуаныш сезімі пайда болғанымен, кейінгі төлемдер оның нақты құнын үнемі еске салып отырады.

Бәрі тегін сияқты көрінеді. “Мынау айына 2 мың теңге ғана”, “мынау 5 мың теңге ғана” деп ала бересіз. Тауардың өзі мен кейін төленетін ақша бір-бірінен бөлек қабылдана бастайды. Бірақ ай сайынғы төлемдер жиналғанда, олардың жалпы сомасы қаншалықты көбейгенін түсінесіз, – деді Берік.

кейіпкердің жеке мұрағатынан

«Бөліп төлеуге ай сайын 500 мың теңге кетті»

Аяулым мен Берік үшін бөліп төлеудің салмағы белгілі бір кезеңде анық сезілген. Олардың айтуынша, 2026 жылдың көктеміне дейін ай сайынғы төлемдері 500 мың теңгеге жеткен.

Әр зат тегін беріліп жатқандай көрінетін. Бірақ бірнеше төлем қосылғанда, ай сайынғы жүктеменің қаншалықты үлкен екенін сезіндік, – деді жас отбасы.

Кейіпкерлер бөліп төлеуді жиі пайдаланған кезде қолда артық ақша қалмайтынын, сатып алуға қатысты шешімдерін қайта қарастыру қажеттігі туындағанын айтады. Олар мұндай әдеттен біртіндеп арылуға шешім қабылдап, жаңа бөліп төлеу рәсімдеуді тоқтатқан.

Қазір бес айдан бері жаңа бөліп төлеу алмай жүрміз. Осы уақыт ішінде ай сайынғы төлемдеріміз азайып, қолымызда көбірек ақша қала бастады. Бұрын ақшаны оңды-солды жұмсай берсек, қазір әр шығынды ойлануға тырысамыз, – деп түсіндірді олар.

Олардың айтуынша, бұл құралды алдын ала жоспарлап, нақты қажеттілік үшін пайдаланатын адамдар бар. Мәселен, жұмысқа керек компьютер немесе отбасына шұғыл қажет затты алу үшін бөліп төлеу қолайлы болуы мүмкін. Алайда олардың өз тәжірибесінде бұл тәсіл бақылаусыз сатып алуға әкелген.

Бөліп төлеу – жай ғана құрал. Оны дұрыс пайдалана алсаңыз, қолданыңыз. Бірақ ай сайынғы төлемдер көбейіп, қалтаңыз көтермей жатса, оларды азайтудың жолын іздеу керек. Ең алдымен өзіңізге шынымен қажет заттарды ғана алған жөн, – деп кеңес береді Берік.

Азық-түлікті де бөліп төлеуге алатындар бар

Аяулым мен Берік әлеуметтік желідегі блогында бөліп төлеу тақырыбын талқылап жүрген төрт айдан астам уақыт ішінде оқырмандарынан түрлі хабарлама алған. Олардың айтуынша, кейбір адамдар азық-түлікті де бөліп төлеуге мәжбүр екенін жазған.

Бізге “тамақты рассрочкаға алып жүрмін” деп жазатындар бар. Біреулер картадағы белгілі бір лимитті пайдаланып, сол ақшаға азық-түлік алатынын айтады. Мұндай хабарламаларды оқығанда, бұл адамдардың қандай жағдайда жүргенін білмегендіктен, не деп жауап берерімізді де білмей қаламыз, – деді Берік.

Олардың пікірінше, бөліп төлеуді пайдаланатын адамдарды бірден кінәлаудың орнына, олардың не себепті мұндай шешімге келетінін де түсіну қажет. Әсіресе табысы күнделікті қажеттіліктерге әрең жететін отбасылар үшін мәселе тек қаржылық әдетке тірелмеуі мүмкін.

Адамдар бөліп төлеу немесе кредит алса, қоғамда оларды бірден сөге бастайды. Бірақ неліктен мұндай жағдайға тап болғаны, күнделікті шығындары, қандай жағдайда өмір сүріп жатқаны туралы көп айтыла бермейді. Азық-түлік те арзан емес. Әсіресе отбасы үлкен болса, күнделікті қажеттіліктерді өтеу оңайға соқпайды, – деді Аяулым.

Кейіпкерлердің сөзінше, олардың блогына қаржылық міндеттемелерін азайтып, жаңа рассрочка алуды тоқтатқанын жазатын адамдар да бар. Бұл тәжірибе жас отбасыға өз оқиғасын ашық бөлісудің маңызын көрсеткен.

«0%» дегеніміз тауардың бағасы өзгермейді деген сөз емес

Бөліп төлеудің қаншалықты тиімді екенін түсіну үшін тек ай сайынғы төлемге емес, тауардың жалпы құнына қарау қажет. Қаржыгер Сәуле Бозаева да тұтынушыларға ең алдымен тауарды қолма-қол сатып алғандағы бағасы мен бөліп төлегендегі жалпы сомасын салыстыруға кеңес береді.

Ең алдымен тауардың қолма-қол бағасын бөліп төлеудегі жалпы сомасымен салыстыру керек. Ай сайынғы төлем аз болғанына алданып, қажет емес затты алудың қажеті жоқ. Сонымен қатар қосымша комиссия, сақтандыру немесе төлемді кешіктіргені үшін айыппұл бар-жоғына назар аудару қажет, – деді Сәуле Бозаева.

Оның түсіндіруінше, «0%» деген ұсыныс әрдайым тауардың қолма-қол және бөліп төлеудегі бағасы бірдей екенін білдірмейді. Кей жағдайда сатушы қаржы ұйымына төленетін комиссияны тауар бағасына қосуы мүмкін. Басқа жағдайда кәсіпкер комиссияны өз пайдасы есебінен төлейді.

Кейбір сатушылар тауарды қолма-қол алғанда бір баға, ал бөліп төлеуге рәсімдегенде басқа баға ұсынады. Мәселен, 20 мың теңгелік затты бөліп төлеуге 26 мың теңгеден есептеп сататын жағдайлар кездеседі. Сондықтан тұтынушы тауардың бастапқы бағасын салыстырып, ең соңында қанша ақша төлейтінін білуі керек, – деп түсіндірді қаржыгер. 

Демек, бөліп төлеудің нақты құнын анықтау үшін үш нәрсені салыстырған жөн: тауардың қолма-қол бағасы, барлық айлық төлемдердің жиынтығы және шартта көрсетілген қосымша төлемдер. Егер тауардың екі түрлі бағасы ұсынылса, айырмашылықтың неден туындағанын сатушыдан нақтылап алған дұрыс.

кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бірнеше шағын төлем қалай үлкен қарызға айналады?

Қаржыгердің айтуынша, бөліп төлеудің тағы бір тәуекелі – бірнеше міндеттеменің қатар жиналуы. Әрқайсысының ай сайынғы төлемі аз көрінгенімен, олардың жалпы сомасы отбасының бюджетіне елеулі салмақ түсіруі мүмкін.

Қазір көп адамның табысы күнделікті қажеттіліктеріне әрең жетіп жатыр. Азық-түлік, коммуналдық төлемдер, бала-шағаның шығыны бар. Осындай жағдайда бірнеше бөліп төлеуді қатар алса, ай сайынғы аз төлемдердің өзі жиналып, үлкен сомаға айналатынын ұмытпау керек. Оның үстіне күтпеген жағдай болып, табыс азайса, төлем жасау одан да қиындайды, – деді Сәуле Бозаева.

Мысалы, адам үш тауарды бөліп төлеуге алып, әрқайсысына айына 10 мың теңгеден төлесе, оның тұрақты міндеттемесі айына 30 мың теңге болады. Төртінші тауарды да дәл осындай шартпен алса, жалпы төлем 40 мың теңгеге жетеді. Бұл есепте басқа кредиттер, күнделікті шығындар және күтпеген қажеттіліктер әлі ескерілген жоқ.

Сондықтан бөліп төлеуді рәсімдер алдында адамның тек бүгінгі табысын емес, келесі айларда төлеуге тиіс жалпы сомасын да есептегені маңызды. Табыстың белгілі бір бөлігі алдын ала міндеттемелерге жұмсалса, басқа қажеттіліктерге арналған қаражат азаяды.

Аяулым мен Берік те өз тәжірибесінде осыны түсінген. Олардың айтуынша, бұрын әр заттың ай сайынғы төлемін бөлек қарастырған. Ал барлық төлемді бір жерге жинағанда ғана жалпы қаржылық жүктеменің көлемі анық көрінеді.

Бөліп төлеуге қойылатын талаптар күшейтіле ме?

Қазақстанда бөліп төлеу мен «қазір сатып ал да, кейін төле» (BNPL) қызметтерін реттеу мәселесі талқыланып жатыр. 2026 жылғы 9 қыркүйекте Қазақстан Ұлттық Банкі осы нарықты талдауға арналған дискуссиялық құжат жариялады.

Төлемді бөліп төлеу арқылы сауда процесін жеңілдеткенімен, қаржылық емес ұйымдар ұсынатын бөліп төлеу өнімдері қаржылық қызметтерді тұтынушы тараптың құқығын қорғайтын арнайы тетіктермен реттелмейді. Бұл жағдай азаматтардың қарыз жүктемесін көбейтіп жіберуге ықпал етуі мүмкін. Сондықтан, басты міндет – қызметтердің қолжетімділігін сақтай отырып, осы типтес тәуекелдерді азайту тетігін әзірлеу, – деп мәлімдеді Ұлттық Банк. 

Сәуле Бозаева да бөліп төлеуді ұсынатын ұйымдар тұтынушының төлем қабілетін ескергені дұрыс деп санайды.

Бөліп төлеуге қойылатын талаптар күшейсе, бұл халықты шамадан тыс қарызға батудан, жасырын комиссиялардан және мүмкіндігінен артық міндеттеме алудан қорғауға көмектесер еді. Бөліп төлеу адамға қажетті затты алып, ақшасын біртіндеп төлеуге мүмкіндік беруі керек. Жарнамаға алданып, қажет емес заттарды бірнеше бөліп төлеумен ала берсе, ол артық шығынға және қарызға әкелуі мүмкін, – деді қаржыгер.

Рассрочкадан бас тарту керек пе?

Маманның пікірінше, бөліп төлеудің тиімділігі оның атауына немесе жарнамасына емес, нақты шарттары мен адамның қаржылық мүмкіндігіне байланысты. Егер сатып алу алдын ала жоспарланып, тауар шынымен қажет болса, ал барлық төлем табысқа сай келсе, бөліп төлеу қолайлы құрал болуы мүмкін. Ал ай сайынғы төлем аз көрінгендіктен қажетсіз заттарды жиі сатып алу қаржылық міндеттемелердің бақылаусыз көбеюіне әкелуі ықтимал.
Аяулым мен Берік үшін маңызды өзгеріс жаңа рассрочка рәсімдемеуден басталған. Олар өзгелерге де бірден үлкен шешім қабылдаудың орнына, әуелі бір ай бойы жаңа бөліп төлеусіз өмір сүріп көруге кеңес береді.

Егер басқа адамның ай сайынғы төлемі сіздікінен көп немесе аз болса, бұл сіздің қаржылық жағдайыңызды бағалауға негіз болмауы керек. Әркім өз табысы мен шығынын есептеп, өзінің қаржылық ережелерін қалыптастырғаны дұрыс. Бір ай жаңа рассрочка алмай көріңіз, кейін бұл уақытты ұзартып, ақша жұмсау әдетіңізді өзгертуге болады, – деп түйіндеді жас отбасы.