Ақтауда «Жетістікке жетелейтін жеті қыр» фестивалі өтеді

Ақтау, BAQ.KZ тілшісі. Дәстүрлі өнер фестивалі биыл ХІ рет өткізілгелі тұр. Мәдени шара ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында көрсетілген тапсырмаларын жүзеге асыру мақсатында, сондай-ақ жастар жылы мен Сүгір жырау Бегендікұлының 125 жылдығы, халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы, ақын Фариза Оңғарсынованың 80 жылдық мерейтойлары аясында ұйымдастырылуда.

Аталған фестивальге жасы 15-тен жоғары түрлі салада қызмет ететін, сондай-ақ арнаулы және орта оқу орындарында білім алып жатқан өнерпаздар қатыса алады.

«Жылдан-жылда дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан бұл шараның негізгі мақсаты  өскелең ұрпақты өнерге баулу, шығармашылық қабілеттерін дамытып, жас дарындарды анықтау. Бас-аяғы тоғыз аталым бойынша бақ сынайтын өнерпаздар өнерін кәсіби мамандардан іріктелген әділ-қазылар алқасы бағалайтын болады», - деді аймақтағы мәдениет басқармасының бөлім басшысы Жеміс Ержігітова.

Биылғы фестивалге қатысушылардан «Көркемсөз оқу» аталымы бойынша Әбіш Кекілбайұлының прозалары мен Фариза Оңғарсынованың шығармаларынан үзінділер оқу сұралады. Бұл өз кезегінде 80 жылдық мерейтойлары қарсаңында қазақ халқының біртуар тұлғаларының шығармашылығы өскелең ұрпаққа тағы бір мәрте кеңінен насихатталады деген ұғымды білдіреді.

Бұл фестиваль жыл сайын облыс орталығы Ақтау қаласында өтіп келеді. Жеңімпаздардың есімдері гала-концертте көпшілікке таныстырылып, сый-құрмет көрсетіледі. Қалыптасқан дәстүр бойынша облыс әкімдігінің қолдауымен жүретін мәдени шараның бас жүлдесіне бұл жолы да су жаңа автокөлік қойылған.


Бұл туралы Маңғыстау облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Злиха Сапарова айтты.

«Аталған шара 2006 жылдан бері өткізіліп жүр. Биыл халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы мен ақын Фариза Оңғарсынованың 80 жылдық мерейтойлары аясында өтеді. Бұл фестиваліміз алға қойған мақсаттарын толық атқарып келеді. Атап айтсақ, осыған дейінгі жылдар ішінде ауылдағы мәдениет ошақтарының материалдық-техникалық базасы жанданып, шалғай жатқан елді мекендердің шыққан талантты өнерпаздар елге таныстырылды», - деді ол.

Айта кетейік, осы бір өнер додасының әр маусымында жұртшылыққа беймәлім болып келген жүзге тарта жаңа есімдер аталып, өнер ұжымдары алғаш рет сахнаға қадам жасайды. Фестивалдің бас жүлдесіне облыс әкімі жыл сайын тағайындайтын жеңіл автокөлік кілті осымен 17 рет жеңімпаз аудан-қалаларға берілді.

Талайлардың қиялына қанат байлаған фестивальге шалғай ауылдардағы өнерпаздар белсенділік танытуда. Бір ауданда вокалды аспаптар ансамблі қайта жанданса, тағы бірінде ұлт-аспаптар оркестрі тұрақтады. Қазіргі таңда Темірбек Жүргенов атындағы өнер институтында, Құрманғазы атындағы ұлттық консерватория мен Батыс Қазақстан облысындағы Махамбет Өтемісұлы атындағы университетте жеңіп алған гранттары бойынша 25-ке тарта жас білім алуда.

Қазақ халқының салт-дәстүрін, әуені мен мақамын жоғалтпай ел мәдениетінің дамуына үлес қосып келе жатқан фестивальде жүлдегер көшін 2007, 2009, 2011, 2013 жылдары Маңғыстау ауданы бастады. Ал 2006, 2010 және 2013 жылдары Түпқараған ауданы жеңімпаз атанды. Осы көшті 2010, 2012, 2017 жылдары Жаңаөзен қаласы жалғастырды. Ал Мұнайлы (2008 ж.) мен Қарақия (2011 ж.) аудандары үздік деп танылса, Ақтау қаласының өнерпаздары 2007, 2012 жылдары үздік деп танылды.

«Ел іші – өнер кеніші» демекші, осы фестиваль Маңғыстаудың аудан-қалаларында мәдениет саласын көтеру, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, өлке тұрғындарын өнерге бейімдеу жолындағы қуатты құрал екендігін нәтижелі жұмысымен дәлелдеп келеді.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы