"Өз баламызға өзіміз жауаптымыз". Ешқандай қолхат қажет емес – Аймағамбетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жаз айларында ата-аналардан "өз баламызға өзіміз жауаптымыз" деген қолхат жинауға қатысты пікірін білдірді.

 
Асхат Аймағамбетовтың айтуынша сауықтыру лагерьлерін ұйымдастыру маңызды болғанымен, балалардың қауіпсіздігі жайында ұмытпау керектігін айтты.
Сауықтыру, демалыс мәселесі әрине маңызды. Бірақ ең бастысы – балалардың денсаулығы. Осыны естеріңізде сақтауларыңыз керек. Өңірлер эпидемиологиялық ахуалға сәйкес шешім шығаратын болады. Егер қауіпсіз болатын болса ғана осы мәселені шешу керек. Қалай болса да балаларды сауықтыру лагерьлеріне жіберу керек деген сөзді ешкім қозғап отырған жоқ. Тағы да айта кетейін ең бастысы балалардың қауіпсіздігі. Балалар үйінің тәрбиеленушілері бір үйде тұрып жатыр. Олар бөлек. Олардың өздерінің көбісінде жеке лагерьлері бар. Оған да дайындық жұмыстары жүргізілді. Балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне бұл жұмысты ұйымдастыруға болатын сияқты. Әйтсе де онда да қатаң санритарлық шараларын қолдану керек, - деді министр.
Сонымен қатар, министр жаз шықса мұғалімдердің ата-аналардан алатын "өз балама өзім жауаптымын" деген қолхатының қажет еместігін, онсыз да ата-аналардың өз балаларына жауапты екенін айтты.
Мұғалімдер ата-аналардан әр түрлі қолхат алатын дәстүр бар. Ол қаншалықты дұрыс? Ата-аналар онсыз да өз балаларына жауапты. Ешқандай қолхат керек емес деп ойлаймын. Сондықтан мұғалімдер жаз айларында демалулары керек. Жаз айларында барлық ата-анадан "өз балаларымызға жауаптымыз" деген қолхат алу ойға қонымсыз нәрсе. Мұны тоқтатуымыз керек. Онсыз да ата-аналар балалары үшін өздері жауап береді. Ол ата-аналардың балалары. Сондықтан бұл мәселені мектеп басшылығына жеткізуіміз керек. Тиісті шара қолдануымыз қажет, - деді БҒМ басшысы.


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы