«Ұйықтап жатқан жоқпыз». «Ауыл» партиясының белсенділігі туралы айтылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Партия келесі сайлауға бара ма және қанша дауыс жинауды жоспарлап отырсыздар? Неліктен партияның белсенділігі жоқ және сайлау алдында ғана оянасыздар? - деп тілші ОКҚ-де «Ауыл» партиясы өкілдеріне сауал жолдады.
Бұл сауалға ОКҚ-дегі онлайн брифингте «Ауыл» ХДПП орталық аппаратының жетекшісі Қуаныш Сейтжанов жауап берді.
Партия сайлауға бәсекеге түскен кезде «мен жеңілемін, мен төмен дауыс жинаймын» деп кіріспейді. Максималды түрде бүкіл өңірдегі әлеуетімізді қосып, барынша мүмкіндігімізді қолданып, өткен сайлаулардан алған тәжірибемізбен Парламентке ену - негізгі мақсатымыз. Қанша пайызға есеп құрып отырсыздар деген артықтау болады, - деді ол.
Сондай-ақ партияның белсендігі туралы да сөз қозғады.
Біз ұйықтап жатқан жоқпыз. Әлеуметтік желідегі ақпараттарды көрсеңіздер болады. Оған қоса, қазір оның статистикасын да бере аламыз. 5 жылдың ішінде жан-жақтағы белсенділеріміз, қоғамға пайдасын тигізе алатын, әсіресе, ауыл азаматтарының жағдайын білетін «менмін» деген білімі, білігі сай азаматтар ішкі іріктеуде жоқ емес, бар. Ол уақыты келгенде заң бойынша айтылады, - деп жауап берді ОКҚ-дегі брифингте тілшінің қойған сауалына.