Қонаққа бармаңыздар – Қызылорда облысының бас санитарлық дәрігері

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда обылсында эпидемиологиялық ахуал күннен-күнге күрделеніп барады. Бұлай жалғаса берсе, коронавирус індетін жұқтырғандардың көрсеткіші бойынша республикада алдыңғы орынға шығып кетуіміз мүмкін, – деп мәлімдеді облыстың бас санитарлық дәрігері Әлия Әбдіқайымова Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Аймақта эпидемиологиялық ахуал күннен-күнге күрделеніп барады. Бүгін облыста тағы 3 адам қауіпті індетті жұқтырғаны анықталды. Сонымен 72 науқасқа жетті. Бұлай жалғаса берсе, коронавирус індетін жұқтырғандардың көрсеткіші бойынша республикада алдыңғы орынға шығып кетуіміз мүмкін. Ондай болжам бар. Қазір үштікте тұрмыз. Тұрғындар сақтық шараларын бұзса, той-томалақ, өлім-жітім, сауық кештеріне жиналуын тоқтатпаса, індет белең алады. Өйткені, ондай жағдайдан көптеп тіркелуде. Бір ошақтан бірнеше адам ауру жұқтырып жатыр, бір елді мекеннің өзінен 25 науқас тіркелді. Сондықтан, коронавирус ауруының таралуын алдын алу үшін қауіпсіздік шараларын күшейтуге бағытталған №7 қаулы қабылданды, бүгін күшіне енді. Қаулы бойынша тұрғындардың көшеде негізсіз, бей-берекет жүруіне тыйым салынды, тіпті 2-3 адам болып топтасып жүруге болмайды. Үй карантинін орнатыңыздар! Қонаққа баруға, қонақ шақыруға болмайды. Тіпті, өлім-жітім жағдайы болса да жиналуға тыйым салып отырмыз. 14 күн карантин режимін сақтап, ешқайда шықпасаңыздар, қауіпті ауруды біржола жойып жібермесек те тоқтатуға мүмкіндік бар. Үйден тек азық-түлік, медициналық көмек, дәрі-дәрмек керек болғанда ғана шығасыздар, – деді аймақтық бас санитар дәрігері.

Әлия Әбдіқайымованың айтуынша, өңірде тіркелген науқастардың 70 пайызы – жастар. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласынан келген бір студент дәрігерлердің ескертуін елемей, сауық кешін ұйымдастырып, бірнеше құрбысына жұқтырған.

Сонымен қатар, бүгін облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдусәметов те брифинг өткізді. Оның хабарлауынша, соңғы бір күнде облыста 18 жағдай тіркелді.

Бүгінде аймақта коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайы 72-ге жетті. Соңғы тәулікте тағы 18-і тіркелді. Оның ішінде 11 науқас Шиелі ауданынан анықталды. Бұлар бұрын тіркелген науқаспен жақын байланыста болған. 6 науқас – Сырдария ауданында анықталды. Олар да осыған дейін жұқпалы індетті жұқтырғандармен қарым-қатынас орнатқан. Арал ауданында тіркелген бір науқас жолсерік болып қызмет атқарған. Ол Түркістан облысындағы коронавирус инфекциясын жұқтырған адамды "Астана-Қызылорда" бағытындағы пойызда тасымалдаған, – деді Жақсылық Әбдусәметов.

Жақсылық Әбілқасымұлының айтуынша, бүгін таңертең Сырдария ауданында анықталған 3 науқастың 2-уі өздерінің коронавирус инфекциясын жұқтырғанына сенбей, ауруханаға жатудан бас тартыпты.

Олар дәрігерлердің қойған диагнозына сенгісі келмей, бізге қарсылық танытып, жұмысымызға кедергі келтіріп жатыр. Тұрғындар түсіністік танытпаса, жұмысымыз нәтижелі болмайды, – деді Жақсылық Әбдусәметов.

Айта кетейік, бүгін коронавирус індетін жұқтырған аймақтағы 54 науқаспен 1014 адам байналыста болғаны анықталды. Қазіргі таңда барлығы дәрігерлердің бақылауында.

 

 


Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы