Құқықтық сауаттылық бизнесті сот істерінің шырмауынан шығарады – Тимур Құлыбаев

Астана, BAQ.KZ. Сотта көп қаралатын істер қатарында кәсіпкерлер келісімшарттың дұрыс орындалмауына қатысты жүгінуде. Бұл жайлы  «Атамекен» ҚР ҰКП Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаев ҚР Жоғарғы Соты отырысында айтып өтті. Бұл туралы «Атамекен» ҰКП баспасөз қызметі хабарлады.

«Кәсіпкерлер көбіне  ауызекі келіседі де, келісімшартта не жазылғанына мән бермейді. Құжаттарға салғырт қараудың соңы түрлі деңгейдегі сот отырыстарына алып келуде. Сондықтан да, бизнестің құқықтық сауаттылығын арттыруды бірлесіп қолға алуымыз қажет», - деді Тимур Құлыбаев.

Аталмыш мәселені жеңілдету мақсатында «Атамекен» «Келісімшарттар конструкторы» жобасын қолға алған болатын. Кәсіпкерлер contract.atameken.kz сайтынан кең таралған келісімшарт түрлерін жүктеп ала алады және өз қажетіне қарай өңдеп алуға да мүмкіндігі бар.  Базада кәсіби заңгерлердің қатысуымен толтырылған 100-ден астам дайын құжат үлгілері, 500-ге тарта заңгерлік кеңес, мемлекеттік орган тарапынан берілетін 10 000-ға жуық түсініктеме жүктелген.

Бұдан бөлек «Атамекен» жүргізіп отырған барлық оқыту бағдарламаларына («Бастау» мен оқушылар мен студенттерге арналған «Кәсіпкерлік негіздерін» қоса алғанда) құқық негіздері мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдар курсын қоспақшы.

Тимур Құлыбаевтың айтуынша, заңнаманың  сапасы мен тым көлемділігі бизнестің алдындағы мәселенің бірі. Яғни, көбіне заң тілі түсініксіз және  басқа да заңнамалық актілерге  сілтеме жасалған нормалары тым көп.

«Заңның барлық қалтарыстарын түсіну қиын, ал шағын және орта бизнес үшін тіпті түсініксіз.  Мәселен, Салық кодексінде ішкі сілтеме саны 2700-ден аса болса, басқа актілерге шамамен 800 сілтеме бар. Бизнеске, мемлекеттік секторларға және сотқа айқын әрі түсінікті мәлімдемелер керек. Осы орайда, «Атамекен» өз тарапынан Жоғарғы сот пен Қаржы министрлігімен бірлесіп, жаңа Салық кодексіне  түсініктеме жасау жобасын қолға алды. Мұндай түсініктеме «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексі бойынша да жасалынып жатыр. Сонымен қатар кеден, салық және экология туралы заңдар қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізуді қажет етеді», - деді Тимур Құлыбаев.

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басшысының айтуынша, жоғарғы білім беру мәселесіне де басқаша көзқараспен қарайтын кез жетті.

«Жыл сайын 66 жоғары оқу орнын 14 000-нан астам заңгер аяқтап шығады екен. Осылардың 44% өз мамандығы бойынша емес, басқа салада қызмет істеуде. Жұмыс берушілердің айтуынша түлектердің 95% тәжірибелік дайындықтан өтпеген. Заңгерлік мамандығы сырттай оқытылмауы керек, және де міндетті түрде күндізгі оқыту түрі қолданылып, оқуды аяқтағаннан кейін заңгер тұрақты түрде білімін жетілдіріп отыруы  тиіс», - деп шегелей айтты Тимур Құлыбаев.

Төралқа төрағасы жалпы «Атамекен» мен Жоғарғы соттың бірлескен жұмысына оң баға беріп, алдағы атқарылар жұмыстың мүмкіндіктерін атап өтті. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы