2020 жылғы Токио олимпиадасының жарыс кестесі жарияланды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2020 жылғы Токио олимпиадасының ұйымдастыру комитеті төртжылдық бәсекенің жарыс кестесін жариялады, деп хабарлады ҰОК баспасөз қызметі.
"2020 жылдың 24 шілдесі мен 9 тамызы аралығында ұйымдастырылатын дүбірлі сында спорттың 33 түрінен 339 спорттық оқиға өтеді деп жоспарлануда. Бұл рекордты көрсеткіш", - деп атап өтті Олимпиаданы ұйымдастыру комитеті.
Олимпиада ойындарында әдеттегідей футбол додасы ерте басталады. 22 шілде күні бейсбол мен футболдан тұсаукесер матчтар өтеді. Ашылу салтанаты өтетін күні ескек есу мен садақ атушылар жарысы жоспарланған. Олимпиаданың алғашқы жүлделер жиыны 25 шілде күні өз иесін таппақ. Жергілікті уақытпен 8:30-да әйелдер арасында 10 метрге пневматикалық винтовкамен атудан жеңімпаздар анықталады.
Сондай-ақ, 6 спорт түрінен қатысушылар жүлдеге таласып, садақ ату, веложарыс, семсерлесу, дзюдо, таеквондо және ауыр атлетикадан жалпы есебі 11 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Әйелдер мен ерлер арасындағы 3х3 баскетбол бәсекесі 25 шілде күні басталады. Скейтбординг 26 және 27 шілдеге жоспарланған.
1 және 2 тамыз күндері ең көп жүлде таратылады. Сенбі, 1 тамыз күні жалпы есебі 21 спорттық бәсеке жоспарланған. Олимпиада ойындарына алғаш рет енген дзюдодан аралас командалық сын, триатлон мен атудан аралас командалық бәсекеден сол күні Олимпиада чемпиондарын анықталады.
Жексенбі, 2 тамыз күні жүгіруден әйелдер арасындағы марафон, 100 метрге жарысудан ерлер арасындағы финал, ерлер мен әйелдер арасындағы спорттық гимнастика бәсекесінің финалы, сондай-ақ, теннистен ерлер арасындағы турнирдің ақтық сыны өтеді. Аталған жарыс күнінде семсерлесу мен жүзуден соңғы медальдар жиынтығы таратылады.
"Жабылу салтанатынан бір күн бұрын, яғни, 8 тамыз күні 30 финалдық бәсекенің куәгері атанамыз. Бұл Олимпиада ойындарындағы ең тартысқа толы күн болмақ. Футбол мен бейсболдан, баскетбол мен тағы да көптеген спорт түрлерінен Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталады", - делінген хабарламада.
Олимпиаданың соңғы жарыс күні ерлер арасындағы марафоннан басталады. Тап осы күні Токио көшелерінде халық көбейіп, төртжылдық додасы мәресіне жетеді. Токио Олимпиадасының ең соңғы алтын жүлдесін су добынан ерлер командасы сарапқа салады.