"Тұңғыш президент жолымен" экспедициясы Теміртауға келді
Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан халқы Ассамблеясының "Тұңғыш Президент жолымен" экспедициясы Елбасы еңбек жолын бастаған қара металлургияның отаны – Теміртау қаласына жетті. Экспедиция мүшелері Тұңғыш президент мұражайын аралап, Елбасының өмірінен сыр шертетін құнды жәдігерлерді тамашалады.
Іс-шараға Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт Түймебаев, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Елбасының замандастары, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, жастар, ҚХА мүшелері мен этномәдени бірлестіктердің жетекшілері қатысты. Делегация мүшелері Тұңғыш президент Мұражайындағы Нұрсұлтан Назарбаевтың өмірімен байланысты ерекше заттар мен суреттер жиынтығын тамашалады. Құрыш қала Теміртаудың төріндегі мұражайда Елбасының өміріндегі маңызды кезеңдерді сипаттайтын "Тәуелсіз Қазақстан", "Өз заманының ұлы", "Жеке тұлға феномені", "Қазақстанның болат профилі", "Уақыт толқынында", "Қазақстан жолы" атты бірнеше көрме залдары жасақталған.
Шарада сөз алған ҚХА төрағасы Жансейт Түймебаев Қарағанды мен Теміртау Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін елге танытқан қалалар екендігін айтып, өткен ғасырдың алып құрылысы саналатын Қазақстан Магниткасын салудағы Елбасының еңбегін атап өтті.
Қазақстан халқы Ассамблеясының "Тұңғыш президент жолымен" халықтық экспедициясы" Елбасының еңбек жолы басталған өлкеге келіп жетті. Бұл – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі негізін қалап, қазақ жеріндегі татулықтың, тұрақтылық пен бірліктің берік іргетасына айналған Ассамблеяның 25 жылдығындағы ерекше жоба. Оның бала Сұлтан туған өлке – Жетісу, Шамалған жерінде бастау aлып, жігерлі жігіт Нұрсұлтaн құрыш құйып, болат балқытқан Сарыарқа төсінде жалғасуында талай буынға өнеге болар үлкен тәрбиелік мән жатыр. Тұңғыш Президент жолын жaс ұрпаққа танытудың мәні зор. Өйткені, Елбaсының жолы – Қазақстан тәуелсіздігінің жолымен ұштаса өрілген жол, - деді Жансейіт Түймебаев.Еске салайық, "Тұңғыш президент жолымен" халықтық экспедициясы" жобасы Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығын мерекелеу шеңберіндегі маңызды жобалардың бірі болып табылады, оның мақсаты - Елбасының қол жеткізген жетістіктерін таныту. Ақпан айындағы Шамалғандағы экспедицияның салтанатты ашылуында Қарағанды облысының өкілдеріне экспедицияның күнделігі мен туы ұсынылған болатын. Бүгінгі шараның соңында Қарағанды облысы әкімі Жеңіс Қасымбек оны Алматы қаласы ҚХА Хатшылық Меңгерушісі Назар Балғымбаевқа тапсырды.