Нұр-Сұлтанда салааралық еңбекшілердің спартакиадасы өтеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Астанада 7-8 маусым күндері 6 спорт түрінен тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған республикалық салааралық еңбекшілер спартакиадасы өтеді, деп хабарлады Елорда Инфо.
Бұл байрақты бәсекеге еліміздің барлық аймақтарынан 500-ге жуық еңбекшілер қатыспақ.
Волейбол, шағын-футбол, қол күресі (армрестлинг), тоғызқұмалақ, шахмат, үстел теннисі спорт түрлерін қамтитын комплекстік жарыс елорданың бірнеше спорттық кешендерінде өтеді деп жоспарлануда.
7 маусымда сағат 17:00-де Есіл өзені бойында және қалалық саябақтың ішінде орналасқан «Амфитеатр» (Тұран даңғылы, 2/6) атты кешенде спартакиаданың ашылу салтанаты өтеді.
Жарыстар 7-8 маусымда таңғы сағат 09:00-де басталып, кешкі 20:00-ге дейін жалғасады.
Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда (Кенесары, 14) шағын-футбол, қол күресі (армрестлинг), №56 мектеп-гимназиясында (Шевченко-Сарыарқа қиылысы) волейбол, «Алау» мұзайдын сарайында (Қабанбай батыр даңғылы, 47) үстел теннисі, «Кәсіподақтар үйінде» (Абай даңғылы, 38) шахмат, тоғызқұмалақ ойындары өтеді.
8 маусымда сағат 16:00-де Орталық саябақта орналасқан «Амфитеатрда» жабылу салтанаты мен марапаттау рәсімі өтеді.