«Өскемен, қалайсың?» – Қала күні қарсаңында мини-сериалдың тұсауы кесіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жас өнерпаздар қала күні қарсаңында мини-сериалдың тұсауын кеспек. Бұл туралы altaynews.kz сайтында хабарланды.

Өскемен әкімінің орынбасары Серік Жеңісовтің қатысумен өткен баспасөз жиынында қала күніне орайластырылған мерекелік шаралар туралы айтылды. Арбаттың ашылуы, қаладағы студенттердің фестивалі, үй аулаларындағы ойын алаңдарының ашылуы... (Айта кеткен жөн, осылай жалғасатын тізімді біз кеше жариялаған да едік.)

«Арбаттың ашылуы 12 қыркүйек күніне жоспарланып отыр. Десе де, онда қазірдің өзінде қала халқы кешкілік уақытта серуендеп жүргенін көруге болады. Біз болашақта бұл жердің шығармашылық иелерінің сүйікті орынына айналғанын қалаймыз. Әншілер әуелете ән шырқап, суретшілер өз жұмыстарын жазып отырса, тамаша емес пе! Сондай-ақ жастар жағы ойлап жүрген қандай да бір іс-шараларын осы жерде өткізе алады. Оған әрқашан да рұқсат етеміз», - деді Серік Жеңісов.

Айтуынша, 14 қыркүйекте қала күніне орай өтетін негізгі концерт барысында жиылған қауым жылдағыдай кәуап емес, Serebro, Royal В, Шығыс асханасы сынды мейрамханалардың тағамдарынан дәм тата алады. Жоғары дәрежелі асханалардың өнімдері қолжетімді бағада саудаланады.

«Мерекелік кешке The Jigits, А-студио сынды эстрададағы танымал топтар келеді», - деген Серік Жеңісов Өскемен туралы жастар түсірген сериалға тоқталып өтті.

Мини-сериал «Өскемен, қалайсың?» деп аталады. Сериал «Шығыс Ақпарат» медиахолдингінің қолдауымен түсірілген. Режиссері – әуесқой жас Арман Сапиолда.

«Туындыға өңіріміздің ғана емес, республиканың танымал артистері түсті. Түсірілім Алматы мен Өскеменде жүргізілгенін айта кеткен жөн. Негізінен жастарға арналған сериал махабатты жырлайды. Одан ары қарайға баяндалатын оқиғаны жұмбақ күйінде қалдыруды құп көріп отырмыз. Бұйырса, 11 қыркүйек күні «Юбилейный» кинтеатрында таныстырылымы болады», - деді қала әкімінің орынбасары жағымды жаңалықты жас көрермендерден сүйіншілегендей.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы