Елімізде індетпен күресу үшін Силикон алқабының жасанды интеллектісі қолданылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда COVID-19 пандемиясымен күресу үшін Силикон алқабының жасанды интеллектісі қолданылады. Бұл туралы ҚР ДСМ Facebook-тегі парақшасында жазды.
АҚШ-тың Сан-Франциско қаласындағы (Силикон алқабы) ҚР Бас консулдығының бастамасымен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен 14 күндік келіссөздерден кейін, 2020 жылдың 28 сәуір күні сағат 03:45-те "Семей медициналық университеті" мен XLabs (АҚШ-тың АТ компаниясы) арасында Қазақстан Республикасы аумағында COVID-19 пандемиясымен күресу үшін жасанды интеллектіні қолдану жөніндегі келісімге қол қойылды.
Жобаның мақсаты Big Data жинау, аурудың таралуы бойынша деректерді талдау, Қазақстан мен басқа елдердің эпидемиологиялық жағдайы туралы деректерді талдау, КВИ бар науқастарды емдеу тактикасын машиналық талдау, КВИ таралуының алдын алу бойынша қабылданып жатқан шараларды автоматты-салыстырмалы талдау, індеттің таралуын алдын алудың неғұрлым тиімді әдістерін әзірлеу, - делінген хабарламада.
Жобаға қатысу арқылы Қазақстан бірқатар артықшылықтарға ие болады. Біріншіден, пандемияға қарсы күрестің ең өзекті және тиімді шаралары қолжетімді болмақ. Екіншіден, деректердің үлкен көлемін жинау және талдау бойынша халықаралық тәжірбие жинақталады.
XLabs компаниясы ұзақ жылдар бойы медицинада жасанды интеллект мүмкіндіктерін қолдану үшін, аталған саланы дамытумен айналысып келеді. Компанияның өнімдері 30-дан астам дертті, оның ішінде онкологиялық аурулардың түрлерін сәтті диагностикалай
алады.