Атырау Түркістан қаласына «Ұлы дала» саябағын салып бермек
Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырау облысы Түркістан қаласына «Ұлы дала» саябағын салмақшы. Бұл мұнайлы мекеннің тарихи шахарға арнайы сыйы болмақ. Атырау облысы Құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Аманов бұқаралық ақпарат құралдарымен өткен жиында осындай мәлімдеме жасады.
Қазіргі таңда аталған жобаның жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталып, 0,57 гектар жер учаскесі рәсімделуде екен. Ал, құрылыс жұмыстарына бөлінетін қаржы мөлшері әзірге белгісіз.
«Біз Түркістан облысы атқарушы органдарымен келіссөз жасап жатырмыз. Атырау облысы ол жақтан «Ұлы дала» саябағын тұрғызады. Оған жұмсалатын қаржының мөлшері әзірге белгісіз. Қазір біз жер телімін белгілеп жатырмыз», - деді Атырау облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Аманов.
Жалпы, облыстағы құрылыс жұмыстары бойынша биылғы жылдың наурыз айында 224,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл 2018 жылмен салыстырғанда 24,1%-ға көп.
Сонымен қатар, 2019 жылда жалпы көлемі 1400 гектар болатын аумақ бөлініп, жаңа ықшам аудандарда 25 мыңнан астам және облыс аудандарынан жергілікті бюджет қаржысынан жалпы ауданы 60 мың шаршы метр болатын бірнеше пәтерлік үйдің құрылысын бастау жоспарлануда.
Айта кетейік, облыста 2019 жылы жүргізілетін тұрғын үй құрылысына 20 миллиардқа жуық қаражат қарастырылған. Оның 10 млрд теңгеден астамы республикалық және жергілікті бюджеттен болса, қалғаны қарызға алу қаржысы мен жер қойнауын пайдаланушылар есебінен бөлінеді.