Ұрылар жылқыны мүшелеп жатқан жерінен ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Аталған дерек Еңбекшіқазақ ауданында орын алған. Түрген ауылының маңындағы автожолдарды түнде патрульдеу барысында полицейлер жылқыны сойып, мүшелеп жатқан екі ер адамды ұстады. Жылқының ауылдан ұрланғаны анықталды.

Барымташылар жылқыны жолдан 200 метр жерде сойып жатқан. Тәртіп сақшыларын байқап қалған күдіктілер бой тасалауға тырысқан. Алайда, олар сол жерде ұсталып, аудандық полицияға жеткізілді. Сонымен қатар, жақын маңды барлау кезінде күдіктілерге тиесілі "Лада Гранта" автокөлігі табылды. Көлік жүргізушісі де жасырынуға тырысқан, бірақ оның ізіне түскен тәртіп сақшылары көлікті ұстады, - деп хабарлады Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.

Жедел тексеру барысында барымташылар екі сағат бұрын Түрген ауылының 68 жастағы тұрғынының қорасындағы жылқыны ұрлап кеткен. Мал иесі жылқысының қолды болғанынан хабарсыз болып шықты. Жәбірленуші ауыл тұрғыны полицейлерге шеберлігі мен қырағылығы үшін алғысын білдірді.

Фермер өз шығынын 500 мың теңгеге бағалады. Сойылған жылқының еті мал иесіне берілді. Дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Тергеу барысында ұсталған күдіктілердің өзге де мал ұрлықтарына қатысы бар-жоғы тексеріледі, - деп атап өтті полиция өкілдері.

Еңбекшіқазақ ауданының полиция басшылығы қызмет барысында ерекше көзге түскен қызметкерлерді көтермелеу үшін облыстық департаментке ұсыныс жолдамақ.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы