«Құрбандыққа жол жоқ». Бақытты отбасын құру үшін не істеу керек?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Отбасы күні 13 қыркүйекте мерекеленеді. Бақытты отбасын құру үшін не істеу керек? Отбасының барлық мүшелері тең болуы үшін қандай қағидаларды сақтаған жөн? Осы және өзге де маңызды сұрақтардың жауабына психология саласында 20 жыл тәжірибесі бар білікті маман, отбасы психологі Ерлан Мұстафин жауап берді.
Отбасын құру кезінде, ең алдымен, екі жақтың барын естен шығармау керек. Олар бір-бірін түсінуге тырысуы керек. Бір-бірін тыңдай білуі де шарт. Бала пайда болған соң, ол баланы да тыңдап үйрену керек. Стивен Кови айтқандай, «тек түсініп қана қоймай, өз ойыңды жеткізе білу» де маңызды. Оның барлығы екі адам арасындағы коммуникациялық қарым-қатынасты жетілдіруді қажет етеді. Бақыт үшін отбасының ешбір мүшесі өзін құрбандыққа шалмауы керек. Ерлі-зайыптылар бір-бірін сүймей қосылып, отбасын бала үшін сақтап қалуға тырысулары кері әсер етеді. Бала үшін де өзін құрбан етуге болмайды, - дейді ол.
Психологтің айуынша, эмоционалды күйзелісте жүрген адам біреуді бақытты ете алмайды.
Ортақ құндылық
Отбасы мүшелері бірлескен істерді атқаруға дағдылануы керек. Ол кітап оқу, серуендеу, саяхат болуы мүмкін. Бұл отбасыны берік ете түседі. Ортақ құндылық қалыптастыру да өте маңызды. Ерлі-зайыптылардың құндылықтары ұқсас болуы керек. Егер олар әртүрлі құндылықтардың негізінде өмір сүрсе, өзара түсінісу де болмайды. Бала тәрбесі мен өзара қарым-қатынаста позитивті ұстаным болуы керек. Бір-біріне деген сүйіспеншілік пен махаббат ер мен әйелдің арасындағы романтикалық сезімнің негізінде ғана емес, адами сүйіспеншілік ретінде қалыптасуы абзал, - дейді Мұстафин.
Маман отбасының маңызды қызметі ортақ құндылықтарды бөлісу екенін айтады.
Отбасында қалыптасқан құндылықтар адамды қалыптастыруға итермелеуі керек. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегендей, отбасы құндылықтары жалпы қоғамның құндылығымен үндесуі керек. Баланы сол қоғамның мүшесі ретінде тәрбиелеп шығаруға талпыну қажет. Отбасы мүшелерінің теңсіздігін бұзбау үшін оның мүшелері тең болуы керек. Ол дәстүрлі «ер адамға былай істеуге болмайды, «әйел мынаны жасамауы керек» деген тыйым негізінде емес, өзара келісу арқылы үйдің шаруасын бөліп істеу, балаға анасын, әйелді құрметтеуді дәріптеп, оған көмектесуді түсіндірсе, отбасындағы теңсіздік мәселесі шешіледі, - деді ол.
Қоғам және отбасы
Ерлан Мұстафин қоғамның өзі көп отбасыдан құралатынын айтады.
Отбасындағы адамдар сіңірген құндылықтар қоғамға әсер ететіні сөзсіз. Әрбір отбасында қазіргі заманғы адами құндылықтарды дәріптеу көп болса, қоғам мүшесі соған қарай тартылса, құндылықтар жоғары деңгейде болады деп есептеймін. Қазақстандағы тенденция әлемдік тенденциядан алыстап кеткен жоқ. Әлемде отбасы институтының девальвациясы байқалады. БҰҰ зерттеуіне сәйкес, Қазақстанның өзінде 20 жыл ішінде ажырасу саны екі есе көбейген. Оған әсер етуші факторлар материалдық жағдайдан бастап, отбасын құруға психологиялық дайын болмау, отбасын құруға талпынбай, ол үшін жауапкершілік алмау сынды жағдайлар әсер етіп отыр. Осының әрқайсысын кешенді түрде шешкен жөн, - дейді ол.
Психолог жас отбасылардың материалдық жағдайы дұрыс болса, көп мәселенің шешілуіне жол ашылар еді дейді.
Психологиялық тұрғыдан әрбір жас балада отбасылық құндылықтарды қалыптастыру үшін ажырасудың деңгейін төмендету керек. Себебі баланы анасы ғана тәрбиелеген отбасыдан шыққан баланың ажырасуға ықтималдығы жоғары болады. Оны көп зерттеулер көрсетіп отыр. Ажырасуды көбейтпей, болашақта оның көрсеткішін азайту үшін қазіргі отбасыларды қорғауымыз керек. Ол үшін психология институтын дамыту, отбасы психологтарының біліктілігін арттыру, адамды отбасы психологына жүгінуді насихаттау керек, - дейді Мұстафин.
«Баланы емес, өзіңді тәрбиеле»
Психолог өз отбасындағы әкелік тәжірибесімен де бөлісті.
Мен 5 ұлдың әкесімін. Қаншалықты жақсы әке екенімді балаларым болашақта айтатын шығар, мүмкін. Балалардың бақытты болуы үшін толыққанды махаббат керек. Балаларымызға оларды жақсы көретінімізді, оларға деген асыл ойларымызды күнде жеткізіп отырған абзал. Әсіресе, жасөспірім кезінде балаға көп зейін қою керек, олардың өмірімен қаншалықты қызығатынымызды білдіріп отыру керек. Асқан талап қоймай, жылы шырайлы қарым-қатынас жасау өте маңызды. Мәселен, әке мен ұлдың арасындағы қарым-қатынас біріккен іс-әрекет жасау негізінде нығая түседі. Футбол ойнау, балық аулау, кітап оқу, фильмді талқылау сынды әрекеттердің болғаны жөн шығар. Ең бастысы – балаларды алаламай, аналарымен дұрыс қарым-қатынас орнату негізінде дамытқан жөн, - деді ол.
Психолог отбасы құндылықтарын қалыптастыру үшін өзіңді тәрбиелеуден бастау керек екенін айтады.
«Баланы емес, өзіңді тәрбиеле» деген қағиданы ұстану керек. Отбасының құндылығы - адами құндылық. Адамзаттың алдында тұрған құндылықтарды насихат арқылы емес, күнделікті әрекет арқылы, оны жүзеге асыру арқылы түсіндірген дұрыс. Бұл процесс үздіксіз. Себебі адам болған соң қателесесіз. Бала да қателеседі. Сондықтан оны жазалау арқылы емес, оның істеген әрекетінің отбасы және қоғам құндылығына сәйкес келмейтінін айтып, түсіндіру керек. Ең басты мәселе - балаңызбен достықты сақтап қалу, - дейді ол.
Тәрбие – тал бесіктен
Мұстафин баланы психологияны ғылым ретінде танымай да тәрбиелеуге болатынын айтты.
Бұл жердегі ең басты мәселе – адами құндылықтар негізінде тәрбие беру. Алайда бала психологиясын білсеңіз, баланың жеткіншек кезінде онымен дұрыс тіл табысуға болады. Гормоналдық өзгерістер немесе жеткіншек жасындағы сексуалдық дамуы, психо-эмоционалдық мәселесін білу арқылы баланы түсініп, жақынырақ әсер етуге мүмкіндік алуға болады. Қазір ата-ана толыққанды, жан-жақты болуы керек. Қазір психология, физиология, биология тұрғысынан әртүрлі ақпарат жеткілікті. Оны дұрыс көздерден алып, білікті мамандармен кеңескен жөн, - деді маман.
Ерлан Мұстафин барлық қазақстандықты Отбасы күнімен құттықтады.
Барлығын Отбасы күнімен құттықтаймын. Қазақстанның әрбір отбасы бақытты болсын. Балалар сау отбасында тәрбие алсын. Ерлі-зайыптылардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі күн сайын артып, келеңсіз жағдайларды оңай шеше алатын деңгейге жетсін. Қазіргі қиын-қыстау заманда отбасындағы қолдау деңгейі артып, өзара дұрыс көзқарас қалыптасып, қоғам ауқымды даму серпініне ие болсын, - деді ол.
Айта кетейік, 2013 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» заңға өзгертулер енгізу жөніндегі Жарлығына сәйкес, қыркүйек айының екінші жексенбісі Отбасы күні болып бекітілген болатын. Осы уақыттан бері елімізді Отбасы күні дәстүрлі түрде мерекеленіп келеді.