Бюджеттің әр тиыны тиімді жұмсалуы тиіс – Павел Казанцев
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев осы аптада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысты пікірімен бөлісті.
Депутаттың сөзінше, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дәл қазіргі уақытта өзекті боп тұрған мәселелерге тоқталған.
«Ел президентінің қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында бірнеше мәселе айтылды. Бәрі де өзекті мәселелер. Әсіресе бюджет қаржысын тиімді жұмсау керек. Бұл туралы президент нақты мысалдар да келтірді. Президент айтпақшы, халықтың нақты мұқтаждығы ескеріліп отырған жоқ. Бюджетті игеруге қатысты түрлі мәселелер де орын алуда. Сондықтан алдағы уақытта Үкімет пен Есеп комитетіне үлкен салмақ түспек. Өз басым әлеуметтік салаға бөлінетін бюджет қаржысы көбеюі керек деп есептеймін», – дейді Павел Казанцев.
Сонымен қатар, депутат мемлекеттік басқарудың тиімділігі мен мемлекеттік қызметтердің сапасы туралы да айтып берді.
«Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру керектігін айтты. Бұл жұмыс алдағы уақыттарда кезең-кезеңімен жүзеге асырылмақ. Біздіңше, бұл орайда дамыған елдердің тәжірибесіне иек артқан дұрыс. Мемлекеттік қызмет тиімді жұмыс істесе, халықтың да мемлекеттік қызметшілерге деген сенімі одан әрі жоғарылайды», – дейді ол.