«Қолымнан келсе, көрінген адамды тыға беремін ғой»: вице-министр үй сұрап жүрген көпбалалы аналарға қатысты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі.Бүгін үкіметтің баспасөз мәжілісінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев үй сұрап жүрген көпбалалы аналардың мәселесі қалай шешілетінін айтты.
Баспасөз мәжілісінде тілшілердің бірі соңғы кездері үкіметтің алдына келіп, баспана сұрап жүрген көпбалалы аналарға қандай көмек қарастырылатынын сұрады.«Көпбалалы аналардың баспана мәселесін екі жолмен шешіп жатырмыз. Біріншісі, «Бақытты отбасы» бағдарламасымен несие алып, үй сатып алуға мүмкіндік беріліп отыр. Оған шамасы жетпесе, онда мұндай отбасыларға алдағы жылдардың ішінде жалға берілетін тұрғын үйлер салынады. Қазіргі уақытта көпбалалы отбасы ретінде пәтер кезегінде тұрған 40 мың адам бар. Жыл сайын 6 мың пәтер салуды жоспарлағанбыз. Биыл ондай 8 мың үй салынады. Келесі үш жылдың ішінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес баспана кезегі мәселесін шешеміз. Сондықтан сабыр сақтау керек. «Бақытты отбасымен» пәтер алуға мүмкінділігі жоқ отбасыларды үш жылдың ішінде үймен қамтамасыз етуге дайынбыз», - деді Қайырбек Өскенбаев.
Тілшілер "наразылыққа шығып жүрген әйелдерге осы мәселені түсіндіріп айттыңыздар ма?", "өзіңіз кездестіңіз бе?" деген сауал қойды.
«Ай сайын емес, 2 апта сайын кездесіп тұрамыз. Сол себепті түгеліне түсіндіріп айтып жатырмыз. Бірақ халықты да түсінуге болады. Көбісі, 2-3 жыл күтуге шамасы жетпейді. Қазіргі жағдайын ойлап отыр. Олар қазір алсам екен деп ойлап отыр. Бірақ сабыр сақтау керек. Жергілікті әкімшілік белгілеген кезек бар. Ол кезектің алдына ешкім шыға алмайды. Пәтерді мен де, министр де, Үкімет басшысы да бере алмайды. Өйткені заң бар. Заңға сәйкес сіздің алдыңызда 1 мың адам тұрса, олардан бұрын сіздің жағдайыңызды ойлап мен қалай берем. Ондай қолымнан келсе, көрінген адамды тыға беремін ғой. Бекітілген тәртіппен, кезектен үйлерді күту керек», - дейді вице-министр.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Жетісуда медицина деңгейі төмен
Өзгелердің жаңалығы