«Қобыланды батыр» жырын жатқа оқыған оқушыға 1 млн теңге беріледі
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Оқушылар арасында өтетін «Тұлпар мініп, ту алған» байқауының аудандық және облыстық кезеңдеріне қомақты қаржы тігіліп отыр. Бұл туралы аktobenews.kz сайтында хабарланды.
Республикалық байқау 6-10 сынып оқушыларының арасында өтеді. Қатысушылар 132 беттен 5206 жолдан тұратын «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтып жырдың ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашуы керек. Қосымша қазақ тілі мен әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап береді.
Жыр жарысының жүлде қоры да қомақты. Екі кезеңде де ерекше көзге түсіп топ жарған оқушылар ақшалай сыйақымен марапатталады. Ал жеңімпаздардың мұғалімдеріне ҚР Білім және ғылым министрінің арнайы дипломы тапсырылады.
Облыстық байқаудың жеңімпаздары келесідей ақшалай сыйақымен марапатталады:
Оқушылар үшін:
І орын – 1 000 000 (бір миллион) теңге;
ІІ орын – 600 000 (алты жүз мың) теңге;
ІІІ орын – 300 000 (үш жүз мың) теңге.
Жеңімпаз оқушылардың мұғалімдеріне арналған жүлде қоры:
І орын – 2 000 000 (екі миллион) теңге;
ІІ орын – 1 200 000 (бір миллион екі жүз мың) теңге;
ІІІ орын – 600 000 (алты жүз мың) теңге.
Ақтөбе облысы бойынша байқаудың аудандық кезеңі қыркүйек айына, облыстық кезең қазан айына жоспарланған. Бүгінде өңірде жыр байқауына 320 мектептен 2311 оқушы, 1138 мұғалім қатысады деп күтілуде.