«Әнмен атқан таңдар-ай» атты дәстүрлі әншілердің мюзиклі өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысы өнерпаздарының басын қосқан шара барысында қазақтың дәстүрлі әнінің бес мектебі болса, сол бес мектептің барлық әндері орындалды.
Жастардың көшін «Мен қазақпын» халықаралық мега жобасының жеңімпазы Бейбіт Мұсаев бастады.
Көңіл тербетер тағылымдық шараға облыс әкімінің орынбасары Рустам Али, облыстық Ақсақалдар алқасының төрағасы Ермек Әбілмәжінұлы бастаған зиялы қауым өкілдері қатысты.
Карантин ережелерін қатаң сақтай отырып өткізген бұл коцертте ұлттық өнеріміз түгел қамтылды. Концертке Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филормониясы, «Алатау әуендері» МКҚК, Жамбыл аудандық «Сүйінбай сазы», «Талдықорған әуендері», «Күреңбел әуендері» фольклорлы-этнографиялық ансамбльдерінің өнерпаздары қатысты.
Қазақ халық әндерінің қаймағынан басталған ән кеші Жетісу ән мектебінің негізін қалыптастырған Қалқаның, Сүйінбай мен Жамбылдың, қырғыз-қазаққа ортақ болған Кенен атамыздың, қазақ ән өнерінің дүлдүлі Дәнеш Рақышевтың орындауындағы әсем әндерімен өрілді.
Бұл концерт әлеуметтік желілер мен жергілікті «Жетісу» телеарнасы арқылы алдағы күндері көрермендерге ұсынылатын болады.