Құлсарыда «Qulsary Marafon – 2019» жарысы өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ауданда алғаш ұйымдастырылған шараға 1500 адам қатысты. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Шара мақсаты- аудан тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттау және спортқа деген оң көзқарас қалыптастыру.
"Марафон жастар жылы аясында ұйымдастырылды. Елімізді әлемдік жарыстарда танытып жүрген белгілі спортшылар: жүзуден Паразияның екі дүркін чемпионы, «100 жаңа есім» жобасының жүлдегері Ержан Сәлімгереев, аралас жекпе-жектен әлем чемпиондары Қайрат Ахметов пен Нұрберген Шарипов, джиу-джитсудан әлем чемпионы Османжан Қасымов пен Жалғас Жұмағұлов, кәсіпқой боксшы Мадияр Әшкеев құрметті қонақ ретінде қатысып, бірқатары марафоншылармен бірге жүгірді", - делінген таратылған ақпаратта.
Аудан әкімі Азамат Бекет марафонға қатысушыларға алғыс айтып, шараға қолдау көрсеткен әлем чемпиондары мен демеушілерге ризашылық білдірді.
"Бұл ауқымды шараны жыл сайын дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз. Келесі жылы қатысушылар саны да артады деген үміттеміз. Сіздердің көтеріңкі көңіл-күйлеріңізге, жастардың белсенділігіне қарап отырып, шара ұнады деген сенімдемін. Сондықтан, баршаңызды осындай шараларға белсенді қатысуға шақырамын", - деді Жылыой ауданының әкімі Азамат Бекет.
Жарыс қортындысында марафонның ең жас қатысушысы ретінде 6 жастағы Ғалым Әбіловке, ең егде жастағы қатысушы Болат Мусиевке сыйлық берілді. Шара концертпен және белгілі спортшылардың шеберлік сағатарымен жалғасты.