«Үлкен жетілік» саммиті аяқталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. АҚШ, Германия, Канада, Ұлыбритания, Жапония, Франция, Италия басшылары Францияның Биарриц қаласында бас қосып, алқалы жиын өткізді, деп хабарлайды 24.kz.
G7-нің күн тәртібінде қозғалған мәселе сан алуан. Иран төңірегіндегі жағдай да назардан тыс қалмады. Бұдан бөлек Ресейдің бұл саммитке оралу мәселесі де сөз болды. «Үлкен жетілік» саммитіне биыл да Ресей қатысқан жоқ. Бұл туралы сарапшылардың пікірі сан алуан. Біреулер Ресейдің саммитке қатысқанын құп көрсе, енді бірі оның «Үлкен жетілікке» қайта оралуы мүмкін емес деп отыр.Сөйтіп, Францияның оңтүстігіндегі Биарриц қаласында әлемдегі экономикасы дамыған жеті мемлекет басшыларының қатысуымен "Үлкен жетілік" саммиті өтті. Жиын тамыздың 24-і күні басталып бүгін аяқталды.
Саммит басталысымен Байонна қаласында халық Макронның саясатына қарсы шеру ұйымдастырды. Бейбіт түрде басталған шара тәртіп сақшыларымен қақтығысқа ұласты. Жиналғандарды тарату үшін полиция көз жасаурататын газ бен суатқыш қолданған. Салдарынан ондаған адам зардап шегіп, тәртіп бұзған 70-ке жуық адам тұтқындалды. , ереуілші:
"Макрон халықтың жағдайын ойлап отырған жоқ. Оның суреттерін жұлып тастағандарды толығымен қолдаймын. Макрон жаһандық мәселелерге бас ауыртып әлек. Алдымен өз еліндегі ахуалды реттеп алғаны жөн емес пе?", - дейді ереуілші Элен Паниен.
Иран Еуроодақпен қарым-қатынасын жақсартпақ
Саммиттің алғашқы күні Биарриц қаласына Иранның сыртқы істер министрі Мохаммад-Джавад Зариф те келген. Зариф Франция басшысымен кездесіп, Иранның ядролық бағдарламасы және АҚШ пен Еуроодақ елдерінің Тегеранға салынған санкциялары жайында сөз қозғады. Бұл АҚШ презеденті Дональд Трамп үшін күтпеген жағдай болды.Естеріңізге салсақ, таяуда Макрон Еуроодақ елдеріне Иранға көрсетілген қысымның күшін жою керек деп ұсыныс білдірген еді. Алайда әзірге оны қолдаған елдер жоқ. Ал, Дональд Трамп Вашингтон мен Тегеран арасындағы қарым-қатынасты реттеуге асықпайтынын айтты.
"Иранның Еуроодақпен қатынасын жақсартқаны жақсы, әрине. Бірақ мен әлі оған дайын емеспін. Тегеранның экономикасын қайта жаңғырту әрі ұлт ретінде даму үшін мүмкіндігі зор. Ол үшін алдымен ішкі терроризмді жою керек", - дейді АҚШ президенті Дональд Трамп.
Сауда саласындағы келісім
Саммит басталмас бұрын АҚШ президенті Дональд Трамп Ресейді «Үлкен жетілік» құрамына қайта тартуды ұсынған. Бірақ Германия канцлері Ангела Меркель мен Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон Ресейді саммитке әкелуге әлі ерте деп Трамптың бетін қайтарған. Сонымен қатар Трамп Жапониямен сауда саласында бірқатар ортақ мәмілеге келді. Атап айтқанда тараптар өнеркәсіп, ауылшаруашылық және цифрлық сауданы қарқынды дамытпақ ниетте. Екі ел арасындағы келісім 7 млрд АҚШ доллары көлемінде сауда жасауға мүмкіндік береді."Жапония мен АҚШ арасындағы келіссөздер алдағы уақытта да жалғасатын болады. Тиісті құжаттарға қол қою үшін екі ел басшылары әлі жүздесетін болады. Саудадағы ытымақтастықтың нығаюы барлық тараптар үшін тиімді", - деді Жапония министрлер кабинетінің бас хатшысы Ёсихидэ Суга.
Жаһандық экология мәселесі талқыланды
Алқалы жиында жаһандық экология мәселесі де көтерілді. Макронның Амазондағы орман өртіне алаңдап, бұл тарапта қаржылай және техникалық көмек көрсету керек деген ұсынысын G7 самммитіне мүше елдер бір ауыздан қолдады."Амазондағы жағдай ушығып барады. Жұмыла көтерген жүк жеңіл демекші бірігіп көмек көрсетуіміз керек. Бұл мәселені Чили президенті Себастьян Пиньерамен бірге талқылаған болатынбыз. Аймаққа шұғыл тиісті техника жеткізуіміз керек", - деді Франция президенті Эммануэль Макрон.
Саммиттің соңғы күні тараптар Ливиядағы ахуалды талқылап, терроризмге қарсы күрес жолдарын ойластырды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
Қарағанды облысында астық жинау науқаны басталды
Өзгелердің жаңалығы