І love Taldykorgan мюзиклі түсірілді

Астана, baq.kz. Талдықорған қаласында І love Taldykorgan мюзиклінің премьерасы көрсетілді. Жаңа туынды – туған жерге, туған елге, туған қалаға деген сүйіспеншілікті насихаттайтын, отбасылық құндылықтар мен бауырластық идеяларын алға шығарған 50 минуттық фильм.

Тың туындыны облыс әкімі Амандық Баталов арнайы келіп тамашалады.

«Мюзикл көңілді әрі шынайы фильм болып шыққан екен. Талдықорған – өте әдемі қала, жуырда журналистерге берген сұхбатында Елбасы Талдықорған туралы жақсы пікірін білдірді. Біз сол бағаға қуанып қана қоймай, соған лайық бұдан әрі де жұмыс жасауға тиіспіз. Бүгінгі фильмде тек қаланы ғана емес, оның ең басты байлығы – оның мейірімді де дарынды тұрғындарын да көрсете білдіңдер. Креативті ойларың үшін көп рахмет айтамын. Біз өз тарапымыздан жастардың бастамаларын қашанда қолдаймыз. Осы жылды Президент Жастар жылы деп жариялады. Бұл жыл өз мүмкіндіктеріңді барынша ашуға мүмкіндік беретін ерекше жыл болмақ. Сендерге шығармашылық табыс, шалқар шабыт тілеймін», - деді облыс әкімі.

Фильм ата-аналары өмірден өткен соң егіз жігіттердің тағдырын баяндайды. Бірі туған ата-апасының, енді бірі нағашы атасының қолында тәрбиелен қос перзент ат жалын тартып мінер азаматқа айналады. Нағашылап кеткен жігіт қызметі табысты, ырысы тасқан дәулеттілер санатына қосылса, қара шаңырақта қалған сыңары қарызданып-қауғаланып күнелткен жарлы кейпінде сипатталады. Осылайша шым-шытырық тағдыр жолымен тоғысып, қарызын талап еткен жуанжұдырықтылармен айқасып, соңдарынан ерген жалғыз қарындастарының арманы жолында күресіп, ақыр аяғында татуласып-табысқан ағайынды жігіттердің өмірі көрерменге ой саларлық деңгейде суреттеледі.

Талдықорғанды ауылға теңеп келген дәулетті жігіт те кино соңында адамдары кеңпейіл, ауасы саф, ғимараттары сәулетті қалаға ынтық болып, тотыдай таранған шаһарда тұрақтап қалады.

Бұл - Жетісу жастарының облыстық ішкі саясат басқармасымен бірігіп түсірген үшінші фильмі. Мюзикл Талдықорған қаласы мен оның маңында 15 күн ішінде түсірілген. 

Фильм режиссері – Ерлан Ошақбаев, сценарий авторы – Медет Құрманов пен Әділбек Әбілов. Басты рөлдерді Ерік Хами және Карина Жұмалиева сомдады. Сол сияқты мюзиклда Бексұлтан Қазыбек пен Аян Төлепберген де ойнаған.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы