Президент назар аударса деймін – 101 дәрігерді суретке түсірген фотограф

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Пандемия басталғалы алдыңғы шепте жүрген дәрігерлердің еңбегі ерен. Осы уақыт аралығында әрбір жан үшін күресіп, аянбай еңбек еткен 101 дәрігердің суретін «Атырау көпірінен» көруге болады.



Жарнама фотографы Руслан Мазунин 12 жылдан бері айналасына объектив арқылы қарап келеді.

Көбінесе дәрігерлерді, ғалымдарды, жалпы айтқанда ақ халатты абзал жандарды түсіруге машықтанған.


Руслан Мазунин дәрігерлерді түсіру идеясы қалай пайда болғаны жайлы айтып берді.


Пандемия кезеңінде дәрігерлердің еңбегі ерен. Дәрігерлерде олардың еңбектеріне сай мәртебе бола бермейтіні қынжылтады. Ал оны БАҚ пен фото, видео арқылы қалыптастыруға болады. Көрме – халықтың дәрігерлер ұжымына деген алғысы. Маған ештеңе керек емес. Тек бүгінгі күннің батырлары – дәрігерлер ұлықталса деген ниет бар. Айналамызда онсыз да күйзелтетін жағдайлар көп. Сондықтан бұл көрме адамдардың жүзіне күлкі ұялатса деп едім, - дейді ол.



Фотографтың идеясын BI Group басшылығы қолдап, қаржыландырған.

Бір-екі күннің ішінде фото түсіріп, көпірге іліп тастадық. Алайда бұл көпір әлі бастамасы ғана.

Руслан Мазунин суреттер қалай жасалғанын жеткізді. Суретте Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Көпсалалы медицина орталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының дәрігерлері бейнеленген.



Досым Шерхан Қуанали екеуміз бұрынғы туберкулезге қарсы диспансерге бардық. Сол жерде фотостудия жасап, барлық санитарлық талапты сақтай отырып, дәрігерлерді бір-бірден түсіре бастадық. Суретке барынша шынайы түсіруге тырысып, өңдеуді аз ғана қолдандық. Дәрігерлерді күлдіріп, кәсіби шеберлікті қолдануға тырыстық. Олардың жұмыстары күрделі, сондықтан оларды күлдіру де оңайға соқпады, - деді ол.


Фотограф бұл көрмеге Президент назар аударып, әлеуметтік желіде бөліскенін қалайтынын айтты.


Бұл көрмені әлеуметтік желіде Қасым-Жомарт Тоқаев жазса деген қалауым бар. Сол кезде өзге қалалар мен өңірлер қосылатын еді. Акцияны өзге фотографтар да қолдайтын еді. Себебі, мен барлығын өзім жалғыз түсіре алмаймын ғой, - дейді ол.

Мазунин айтқандай, бұл істің бастамасы ғана.


Бұл мәтінді жазып, жариялағанша, менің кезекті локациям дайын болады. Ол бұдан да ауқымдырақ. Президенттің қолдауын күтемін. Сол кезде бұл жұмысты дәрігерлердің ұжымы да бағалайтын еді, - деді ол.


Ол атағандай, бүгінгі күннің батырларына қандай құрмет көрсетсек те артық етпейді.

Бірлігіміз жарасқан берекелі ел екенімізді әрдайым дәлелдеп келеміз. Дәрігерлерді бірге ұлықтайық, - деді ол.


Фотограф өзі жайлы ақпаратпен де бөлісті.


Жасым 28-де. Ресейде дүниеге келгем, әкем орыс ұлтынан. Бірақ Ресейде не істеймін? Әрбір қазақ өзінің Отанына оралуы керек деп есептеймін. Себебі, бұл жерді менің ата-бабам мекен еткен. Оның үстіне қазақтар сымбатты келеді, - дейді қалжыңдап фотограф.

Дәрігерлерді ұлықтау акциясын тұрғындар да жылы қабылдаған.


Пандемия кезінде көп адам ауырды. Біздің мүмкіндігіміз дәрігерлер мен медицина болды. Себебі олар науқастардың сауығып шығуына көмектесті. Халық батырларды тануы керек деп ойлаймын, - деді қала тұрғыны.

Жас елордалықтар да көпірде суретке түсіп жатты.


Дәрігерлерге ризашылық білдірудің бір түрі деп ойлаймыз. Адам көп жүретін жерде өте үлкен суреттер қойылған. Қысылтаяң кезде халыққа көмектескен нағыз батырлардың бейнесін біз біліп жүруіміз керек. Оларды барлығы тануы керек. Осылайша, алғыс айту жүзеге асты деп ойлаймын, - деді ол.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Бауыржан ЖУАСБАЕВ
Өзгелердің жаңалығы