Елордада жомарт қазақстандықтар марапатталды

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Назарбаев орталығында «Қайырымдылық керуені» республикалық конкурсы аяқталды. Елімізде мейірбандық танытып, мұқтаж жандарға көмек көрсетіп, әрдайым игі іс жасап жүрген азаматтар марапатталды.

Конкурс қайырымдылық идеясын насихаттауға, азаматтық бастамаларды белсенді дамытуға бағытталған.

Өтінімдер төрт ай бойы, яғни 2018 жылғы қарашадан бастап 2019 жылғы ақпанға дейін еліміздің барлық облысынан қабылданды.

Конкурсқа әлеуметтік, қоғамдық проблемалардың шешілуіне өз үлесін қосып жүрген және қайырымдылықпен айналысып, игі істерді атқарып жүрген адамдар қатысты.


«Конкурс қоғамда жоғары құндылықтардың таралуына септігін тигізеді. Ол еліміздің нағыз патриоттарын, азаматтардың игі істерін, көмекті қажет ететіндерге қатысты адамгершілік танытып жүргендерді анықтап берді. Конкурсқа қатысу үшін Қазақстанның өзге аймақтарынан ниет білдіргендер санының көп болғандығы қуантады. 97 өтінім келіп түсті. Олар түрлі саланың өкілдері. Арасында кәсіпкерлер, қоғамдық мекеме, білім саласының мамандары, мүмкіндігі ерекше жандар, құқық қорғау саласының қызметкерлері, тіпті жалпы білім беру мектептерінің оқушылары бар. Конкурсқа қатысқандарыңыз үшін баршаңызға алғыс білдіремін. Өздеріңіздің кеңпейілдігіңізбен, нақты істеріңізбен басқаларға жақсылыққа талпынуға, өскелең ұрпаққа үлгісіздер», - деді Дариға Назарбаева

Конкурс нәтижесінде бес номинация бойынша жеңімпаздар анықталды:

«Асар» аталымында Қарағанды облысынан келген Сымбат Елікбаева жеңімпаз атанды. Ол терімен жұмыс істейді, ұлттық нақышта зат шығарады. Сымбат үнемі балалар үшін ақысыз шеберлік сабақтарын ұйымдастырады.

«Туған жер» номинациясында Атырау облысының тумасы Арман Хайруллин жеңіске жетті. Арман табиғатты қорғауға атсалысып жүрген азамат. 2017 жылы Атырау қаласында 10 мың көшет тарату және отырғызу бойынша акция ұйымдастырды. «Жасыл» бастамаларды одан әрі жалғастыру мақсатымен «Атамекен Эко» ҚҚ құрды.


«Батыл жүрек» номинациясында Ақмола облысынан Ұлдана Совет үздік шықты. Жеңімпазымыз 10 жастағы қыз бала. Кішкентай болғанымен, 2017 жылғы қарашада жанып жатқан үйден кіші інісі мен екі сіңлісін алып шыққан.

«Мейірім жолында» номинациясында Алматы қаласының тұрғыны Расима Темербаева жеңді. Ол қарияларды күнделікті тамақтандырады. Қазір күніне 400 түскі ас тарататын екі тамақтандыру орны қызмет етеді.

«Қайырымдылық тарихы» номинациясында Солтүстік Қазақстан облысынан Александра Кондратова үздік шықты. «Неделя СК» газетінде жұмыс істейтін журналист өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек сұрап, ондаған мақала дайындады. Оның БАҚ-та көтерген көптеген мәселесінің арқасында адамдарға нақты көмек көрсетіліп келеді.

«Қайырымдылық керуені» конкурсының жеңімпаздарына диплом, конкурс статуэткасы және «Оқжетпес» емделу-сауықтыру кешеніне жолдама берілді. Ал батыр Ұлданаға ноутбук қосымша сыйланды.

Сонымен қатар, ҚР Тұңғыш Президенті Қоры арнайы екі сый тағайындады. Біріне Равиль Насифулин ие болды. Ол ескі компьютерлік техникадан компьютер, ноутбук құрастырып, қажетті құралдарды сатып алып, кейін оларды жағдайы төмен, көпбалалы отбасынан шыққан, ата-ана қамқорлығынсыз қалған, мүгедек, ауыр ауруларға шалдыққан балаларға сыйлайды.


Келесі сыйлық Сайра Матайбаеваға берілді. 2016 жылы ол 5 млн теңгеге қайырымдылық көмек көрсетсе, 2017 жылы 12 млн теңгеге көмек жасады. Қазір Қосшы ауылында 200 балаға арналған мектеп тұрғызылып жатыр. Онда әдеттегі сыныптардан өзге, ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын, түрлі үйірме жүргізетін 12 кабинет ашылады.

Равиль мен Сайраға да диплом, конкурс статуэткасы және «Оқжетпес» емделу-сауықтыру кешеніне жолдама сыйланды.

«Қайырымдылық керуені» еліміздегі жаны жайсаң, жүрегі жылы жандарды анықтауға мүмкіндік берді. Бұл конкурсты жыл сайын өткізу жоспарда бар.

Аягөз Абылқызы

Фото: автордікі

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы