Карантинде жатқандарға "больничный" төленбесе не істеу керек?
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ-де өткен онлайн брифингте ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ТЖ уақытындағы мемлекеттік қызметкерлердің және жеке меншік кәсіпорындардың еңбек мәселесіне қатысты журналистердің сұрағына жауап берді.
Карантин кезінде жұмыстан босатылғанмен "отпускке" шығыңдар деу қаншалықты заңды? Ондай жағдайда қызметкерлер не істеуі керек?
- Қазіргі төтенше жағдай мен карантин жағдайында жұмыс беруші тарапынан сіздерге ақылы демалысқа шығу ұсынылып жатса, ол керісінше жақсы. Оны пайдалану керек. Жалақы мен жұмыс орнын сақтау шараларымен жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ кейбір мекемелер, шағын мекемелер қаражаты болмағандықтан, жұмысшыларға ақысыз демалысқа шығуды ұсынуы мүмкін. Ол Еңбек кодексі бойынша екіжақты келісім бойынша жасалады. Оған келісу-келіспеу өзіңіздің құқыңызда болады.
Жаңа жұмыс орындары қай салада ашылуы мүмкін?
- Еліміздегі коронавирус, сыртқы нарықтағы ахуалдың өзгерісі, мұнай бағасының төмендеуі еңбек нарығына да өз әсерін тигізуі ықтимал. Ол жұмыс орындарының қысқаруына, жұмыссыздық деңгейінің өсуіне алып келуі мүмкін. Қазір жұмыспен қамту жол картасы әзірленіп жатыр. Ол жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді деп күтудеміз. Үкімет тарапынан 200 мыңға дейінгі жаңа жұмыс орындарын құруға тырысамыз. Жұмыспен қамту картасы нені көздейді? 2009-2010 жылдары осындай жол картасы іске асырылған болатын. Бұл жерде жаппай әлеуметтік нысандар, тұрғынүй коммуналдық жүйелер, транспорттық жүйелер, жолдар, елдімекендерді абаттандыру бағытындағы жөндеу жұмыстары, жаңғырту жұмыстары жүргізілетін болады. Соның арқасында жұмыстан босап қалған азаматтарды тартуға мүмкіндігіміз болады.
Карантинде жатқандардың барлығына бірдей "больничный" төленбеуі мүмкін. Олар бұл жағдайда не істеулері керек?
- ҚР бас санитарының жарлығы бойынша карантинде жатқандар уақытша жұмыс істеуге қабілетсіз деп саналады. Оларға "больничный" қағаз беріледі. Ал жұмыс берушілер оларға "больничный" қағаз үшін ақы төлеуге міндетті. Егер ақы төленбеген жағдай орын алса, жұмысшылар мемлекеттік еңбек инспекциясына жүгіне алады.
Төтенше жағдай кезінде құрылыс компанияларының жұмыс күні қалай қадағаланады? Олардың жұмыс күні қысқартыла ма?
- Бүгінде бұл әр компанияның өзіне байланысты. Толық жұмыс күнін атқаруға олардың жағдайлары мүмкіндік берсе, онда жұмыс жалғаса береді. Дегенмен жұмыс орнында санитарлық және эпидемияға қарсы шаралар қатаң сақталуы қажет болады.
Егер жұмысшымен еңбек шарты жасалмай, жалақыны қолма-қол алып жүрсе, жұмыс берушіден ең төменгі жалақыны қалай талап етуге болады?
- Егер де бүгін сіз жұмыс берушімен еңбек шартынсыз жұмыс істеп жүрген болсаңыз, онда сіз ең төменгі ақыны талап ете алмайсыз. Бұл мәселе бүгін туындаған жоқ, бұған дейін де болған. Жұмысқа тұратын болсаңыз, Еңбек кодексінің талабы бойынша бірінші кезекте жеке еңбекшарты жасалуы керек. Еңбек кодексі жұмыс берушіге еңбек шарты жасалмаса, жұмысқа пайдалануға да тыйым салады. Өкінішке қарай, кейбір азаматтар жұмыс берушіге де, жұмысшыға да ыңғайлы етіп, құжатсыз қолма-қол қаражат алып жүргендер бар. Бірақ ол азаматтар еңбек заңдылығы жағынан өз құқықтарын сақтап қалуы қиындау болады. Жұмыс беруші мен жұмысшының арасында тиісті еңбек шарты реттелмеген болса, еңбек заңдылығы талаптарын орындау мүмкін емес.
Айта кетейік, бүгін елордада ОКҚ-де өткен онлайн брифингте ҚР еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов еңбек қатынасына қатысты азаматтардың сұрақтарына түсініктеме берді.