Baqytty bala фестиваліне 9 елден жас таланттар қатысады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбеде Baqytty bala ІІ ашық балалар вокальдық фестивалі өтеді. Бұл халықаралық шараға әлемнің 9 елінен келген жас дарынды балалар вокалдық мүмкіндігін көрсетуден сынға түседі.

Байқауда қазылар алқасының оң бағасын алған 20 үміткер қонақтардың алдына шығып, тағы да өнерлерін сарапқа салады. Олар Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына арналған кең ауқымды бәсекеде жүлделі орындар үшін әш шырқайтын болады.

«Baqytty bala» фестивалінің бірінші маусымында Ержан Максим мен Наргиз Жанұзақ секілді жастардың жұлдызын жаққан болатын.

Ал алдағы конкурста қазылар алқасының мүшелері болып шетелдік белгілі орындаушылар мен шоу индустриясының кәсіби мамандары таңдап алынды. Олардың қатарында «X-фактор» жобасына қатысып, бірінші кастингінің бейнетаспасы YouTube хостингінің кеңістігінде вирустық туындыға айналып, қазақстандық көрерменнің де есінде қалған Украинаның танымал әншісі Аида Николайчук бар. Тәуелсіз өкіл ретінде әйгілі «Голос» тележобасының жұлдызы, грузин орындаушысы Нини Цнобиладзе шақырылды. Сондай-ақ сараптамалық командаға Валерий Леонтьев, Николай Басков, Филипп Киркоров және түрік хоры сияқты топ жұлдыздармен жұмыс істейтін Ресейдің өкілі, композитор Евгений Евзеров кірді.


Қазылар алқасының құрамына елімізден Димаш Құдайбергеннің саунд-продюсері және музыка көркемдеуші Ерлан Бекчурин, танымал композитор әрі орындаушы Ұлықпан Жолдас және Димаштың ұстазы, оның бірегей талантын әлемге танытқан, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Марат Әйтімов шақырылды.

«Baqytty bala» фестивальдің режиссері Анна Обоянская конкурстық өтінімдер сапасының әдеттегіден жақсарғанын және орындаушылардың вокальдық деңгейінің өскендігін айтады. Олардың арасында халықаралық деңгейде өзін көрсетіп үлгерген жеткіншектер де бар.

«Концерттің билеттерін сатудан түскен қаражаттың бәрі қалалық мәдениет үйі балалар ұжымының материалдық-техникалық базасын жаңартуға жұмсалады», - дейді Ақтөбе әкімінің орынбасары Айгүл Аманқазықызы.

Еске сала кетейік, «Baqytty bala» фестивалі Димаш Құдайбергеннің және оның «ДимашАли» продюсерлік орталығының жетекшілік етуімен ұйымдастырылуда. Әлем тыңдармандарының жұлдызы әрі еркесі қатысушылардың сапасы мен жоғары кәсібилігінің кепілі ретінде конкурстың барлық кезеңіне жеке өзі қатысуда.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы