"Астана Балет" театрында америкалық хореография кеші өтеді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазанның 4 мен 5 күндері «Астана Балет» биылғы маусымның алғашқы премьерасын - Джордж Баланчиннің «Кончерто Барокко» атты бір актілі балетін ұсынады. Премьера театрдың «Америка хореографиясының кеші» атты жаңа бағдарламасына еніп отыр.
Бұл кеште америкалық неоклассика дауылпазының «Серенада» балеті де көрсетіледі. Сюжетсіз қойылымдарда музыка мен би тұтас дүниеге айналып, америкалық неоклассика хореографының айнымас қолтаңбасы ретінде мойындалды.
«Астана Балет» Орталық Азия елдерінің ішінде Джордж Баланчин қорымен бірлесе отырып қойылым жасаған алғашқы театр. Әр спектакль хореографтың стилі мен техникасының стандарттарына сәйкес жасалған. Театрдың жетінші маусымында бұдан бөлек те ғажайып премьералар өтіп, сонымен бірге, көрермен көзайымына айналған спектакльдер көрсетіледі», - делінген таратылған хабарламада.
12 қазанда балет өнерінің жанкүйерлері осы заманның кемел хореографы Уильям Форсайттың «In the Middle, Somewhat Elevated» («Ортада, сәл жоғары») туындысын тамашалай алады.
Қазанның 8 мен 9 күндері астана тұрғындары мен қонақтарына «Astana Ballet Presents» тарту етіледі. Бұл концерттік бағдларламаны Театр 19-22 қарашада АҚШ-та өтетін гастрольге арнап шығарған. Оған «Ұлы Дала мұрасы» дивертисменті, Рикардо Амарантенің «Love Fear Loss» және «A Fuego Lento» бір актілі балеті мен Николо Фонтенің «Love’s Lost Idols» туындысы еніп отыр.
«Желтоқсанның бірінде «Астана Балет» сахнасында «Жусан» балеті көрсетіледі. Қоюшы-хореограф – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Театрдың бас балетмейстері Мукарам Авахри. Би миниатюралары арқылы, аңыз-әпсаналарды негізге ала отырып, Ұлы Даланы мекендеген бабаларымыздың аллегориялық бейнесі жасалған. Ұлттық нақыштағы спектакльдің ізін ала, қазақ ұлттық биінің жауһарларынан кестеленген «Ұлы Дала мұрасы» концерттік бағдарламасын ұсынады», - делінген таратылған ақпаратта.
Жаңа жылдық мереке қарсаңында астана тұрғындары мен қонақтары екі ертегіні тамашалай алады. Олардың бірі Қазақстанда алғаш қойылып отыр. Бұл ресейлік хореограф Надежда Калининаның – «Күлше қыз» балеті. Премьералық көрсетілімдер желтоқсанның 20, 21 және 22 күндері өтеді.