Қорғаныс министрі Арыс қаласына барды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-майор Нұрлан Ермекбаев жұмыс сапары барысында жарылыс салдарын жою бойынша берілген тапсырмалардың орындалуын тексеріп, сондай-ақ әскери бөлімді  көшіру және оқ-дәрілердің бөлшектерін жою мәселелерін жеке бақылауына алды.

"Арыс қаласына жұмыс барысында қорғаныс министрі қала маңын аралап, оқ-дәрілер мен қару-жарақтар таситын контейнерлерді, әскери қызметшілердің далалық лагердегі тұрмысын, ұшқышсыз ұшу құрылғыларын далалық басқару пунктіндегі жұмыс жағдайымен танысты, сондай-ақ жерлерді минасыздандыру мен тазарту жөніндегі инженерлік бөлімшелерге қарайтын жеке құрамның нұсқаулықтарын тексерді", - делінген ведомствоның хабарламасында.

Жинау пунктінде оқ-дәрі бөлшектерін жою жұмыстарының барысы тексеріліп, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Қ.Қарақұловтың оқиға салдарын жою жөнінде ағымдағы жағдайлар мен жұмыстарды ұйымдастыру туралы баяндамасы тыңдалды.

Кейбір мәселелер бойынша шұғыл шешімдер қабылданды.

Сондай-ақ, Арыс қаласында оқиға салдарынан қаза болған әскери қызметшілердің отбасыларын аралап, олардың жақындары мен туыстарына қайғырып, көңіл айтты.

Ол әр әскери қызметші әскери міндетін адал орындап, өз әскери ісінің кәсіби шебері екенін атап айтты.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы