"Қара сөздер" әзербайжан және өзбек тілдерінде жарық көрді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Түркі академиясы жариялаған тамырлас елдердегі "Абай жылы" жемісті жалғасып жатыр. Ұлы ойшылдың "Қара сөздері" әзербайжан және өзбек тілдерінде жарық көрді. Данышпанның шығармалары әзербайжан тіліне кеңестік кезеңде де аударылған болатын. Бірақ толық емес еді. Енді сол олқылықтың орны толды. Бауырлас елдің белгілі қаламгері, публицист һәм ақын, бастысы, қазақ әдебиеті мен мәдениетін бойына сіңірген досымыз Аида Эйвазова ханым "Қара сөздерді" түпнұсқамен салыстыра отырып, керемет аударып шықты. Түрк әлемінің үлкен жүректі патриоты Айда ханымды құттықтаймыз һәм алғыс айтамыз, – деп жазды Дархан Қыдырәлі.
Сол сияқты іргедегі ағайындар да Абайды Науаидің тілінде сөйлетіп, ұлы ойшылдың "Қара сөздерін" өзбек тіліне аударып шықты.
Тәржіма ісінде тер төгіп, түсініктері мен алғысөзін жазған қадірлі Ибадулла Мирзаев пен Қазақбай Иулдаш мырзаларға Тәңір жарылқасын айтамыз!
Абайдың рухы мәдениеті ортақ, әдебиеті жақын тамырлас жұртты жақындата береді деп сенеміз! Кітаптардың беташар, таныстырылымы Абайға арналған бүгінгі халықаралық онлаин-конференцияда өтеді, – дейді Халықаралық Түркі академиясы президенті.